ОҚО-да жаркенттік жүгері өсірілетін болады

1078

ОҚО-да  жаркенттік жүгері өсірілетін болады

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазақ өсімдік қорғау және карантиндеу ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Абай Сағитов бастаған ұжыммен кездесті. Кеңес барысында өңіріміздегі агросалаға серпін беретін жүгері дақылын егу және егістік алқаптарда биологиялық әдісті кеңінен қолдану мәселесі сөз болды.

Ғалым облыс әкіміне 100 гектар алқапқа тәжірибе ретінде жүгері егу жөніндегі бизнес жоспарын таныстырды. Абай Сағитовтың айтуынша, озық технологиямен егілетін жаркенттік жүгері тұқымының сапасы артып, тиімділігі молая түскен.  Бір гектардан орта есеппен 140 тоннаға дейін сүрлем, 30 тоннаға дейін тұқымдық алуға мүмкіндік бар екен.

Былтыр Алматы облысы жаңа технологиялық әдіспен 76 мың гектардан аса алқапқа жүгері дақылын өсіріп, әр гектарынан 60-62 центнерден өнім жинапты. Әсіресе, бұл дақылды баптауда Жаркент өңірінің егіншілері озық техно­логия мен тәжірибеге бай.

"Кеңес заманында оңтүстік өңірі жүгері егуден алдыңғы қатарлы аймаққа айналғанын жақсы білеміз. Қазіргі ахуал мүлде басқаша. Суармалы егістік  алқабы қысқарып, жүгері дақылының көлемі едәуір азайып кетті.  Ендігі мақсат – өңірімізде жүгері алқаптарының көлемін арттыру қажет. Бұл ретте соңғы заманауи  технологиялық әдістерді кеңінен пайдаланған абзал", – деді облыс басшысы.

Өңір басшысы Қазақ өсімдік қорғау және карантиндеу ғылыми-зерттеу институтының бас директорына облысымыздан филиал ашуға кеңес берді. Бұл өз кезегінде облыс диқандарына соңғы үлгідегі агротехнологиялық әдістерді кеңінен қолдануға мүмкіндік беретін болады.

"Жүгері дақылы күн көзін жақсы көреді. Күміс желбезекті жүгеріні "дала аруы" деп атайтынымыз да сондықтан. Ал Оңтүстік Қазақстанда күн көзі жеткілікті. Жер құнарлылығы да ерекше. Алғашқы қадам ретінде 100 гектарға жүгері ексек, одан 300 центнерге дейін өнім алуға болады. Егер тұқым жақсы жерсінсе, мол өнімге қол жеткізсек, алда жүгері алқабын көбейтеміз", – дейді  Абай Сағитов.

Кездесу соңында ғалым өсімдік қорғауда таза технологияларға белсенді түрде көшу, зиянкестерден қорғау, улы химикаттардан арылу жөніндегі тәжірибелерін бөлісуге әзір екенін де жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу