"Өмір сүргім келеді" немесе тұтқынға өз еркімен берілу

950

Украина қолына қару алып, соғысуды қаламайтын, мобилизациядан қашу жолын іздеген ресейлік сарбаздарға арнап арнайы жоба ашты. 

"Өмір сүргім келеді" немесе тұтқынға өз еркімен берілу

Қыркүйек айында іске қосылған "Өмір сүргім келеді" атты мемлекеттік бағдарлама өмірін сақтап қалғысы келетіндерге өз еркімен Украинаға берілуді мензейді. Жоба аясында күнделікті 100-ден астам қоңырау келіп түседі, бүгінге дейін барлығы 2000-ға жуық өтініш қаралған, деп хабарлайды Украина Қорғаныс министрлігі барлау бас басқармасының өкілі Андрей Юсов "Голос Америка"-ға берген сұхбатында.

"Өмір сүргім келеді" - әскери тұтқындармен қарым-қатынас мәселелері жөніндегі үйлестіру орталығы жобасы. Украинаның Министрлер Кабинеті құрған бұл ресми құрылымға Барлау бас басқармасының, Қауіпсіздік қызметінің, Қорғаныс министрлігінің өкілдері кіреді.

Андрей Юсовтың айтуынша, өз еркімен берілгендер "қашқындар" ретінде емес, соғыс алаңында тұтқындалған сарбаз болып есептеледі. Яғни, ресейліктер өздеріне тиесілі әскерилерге берілетін төлемдер мен жеңілдіктерден айырылмайды екен. Жоба ұйымдастырушылары отанына қайтқысы келетін немесе украиналық тұтқындармен алмасуға қарсы емес ресейліктерді мұндай мүмкіндіктен айыруға жол берілмейтініне сендіруде. Ресей Федерациясына баруға бас тартқандар да күштеп елдеріне жіберілмейтін болды. 

"Украина – бүкіл халықаралық  заңнамалар мен Женева конвенцияларын ұстанатын демократиялық, еуропалық мемлекет. Яғни біз әскери тұтқындарды өлтірмейміз. Олар халықаралық құқықпен қорғалады. Жоба Украина жерінде жүрген ресейлік әскерилерге үндеу салады – беріл, өміріңді сақта!", - деді Қорғаныс министрлігі барлау бас басқармасының өкілі.

Жоба байланысты үш түрлі жолмен орнатқан: жедел желі, телеграмдағы чат-боттар мен интернет желісіндегі сайт беті. Бір айға жуық уақыт ішінде күнделікті 100-ге жуық қоңырау келіп түссе, соңғы деректерге сәйкес, жалпы көлемде 2000-нан астам өтініш өнделген екен.

"Бізге путиндік әскердің қатарында Украинада жүрген ресейлік сарбаздар, мобилизацияға тиісті азаматтар, тіпті, жұмылдыруға ұшырамаса да, алда төнер қауіптен қорыққандар да хабарласады. Олар украиналық тұтқынға барынша қауіпсіз түсудің жолдарын іздейді. Одан бөлек Қырымдағы украиналықтар бар. Украина оларды қылмыскер емес, путиндік режимнің құрбаны ретінде көреді. Яғни оларды мәжбүрлі түрде аннексияны мойындатып, қолдарына қару таратылуда", - деді А.Юсов.

Бағдарлама алғашқы жемісін беруде, әсіресе, Харьков бағытындағы соғыс амалдары барысында "Өмір сүргім келеді" жобасын ресейлік әскер мүшелері белсенді қолданған-мыс. Тіпті, әскери техникамен берілгендер тіркелген – бір танкист танкімен тұтқынға түскен.

Журналистің "соғыс аяқталғаннан кейін, ресейліктерге саяси баспана беріледі ме?" деген сұрағына жауап ретінде Андрей Юсов мұндай шаралардың жүйесі әлі жасалып жатқанын жеткізді. Алдағы уақытта нақты нұсқаулар жасалатыны айтылды.

"Өмір сүргім келеді" телеграм парақшасында байланыс телефондары, барлық қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар жазылған. Мысалы, тұтқынға өз еркімен түскендерге жасалатын жағдай жайлы егжей-тегжейлі танысуға болады. Тұтқында үш реттік тамақ, медициналық көмек, халықаралық ұйымдардан заңды сүйемелдеу, күнделікті жақындармен байланыс тағысын тағы қарастырылған. Аталмыш жобаға сарбаздардың өздері ғана емес, жақындары да хабарласа алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу