Жер мәселелері
2024 жылғы желтоқсанда Досаевтың қаулысы жарияланды, оған сәйкес, шамамен 2 гектар жер Tao Construction компаниясына берілді. Ресми түрде 3 жылға, бірақ құжаттағы 3 жыл кейде күнтізбедегі 3 жылмен сәйкес келе бермейді.
Жабық кездесулер мен "жақпағандарды" оқшаулау
Алматылықтар әкіммен кездесулерде өткір сұрақтар қою мүмкіндігі шектелетінін айтып шағымданды. Кейбір белсенділер мен журналистерді микрофондардан алшақ, бөлек отырғызады деген мәліметтер бар. Бұл билік пен халық арасындағы сенімді әлсіретіп, диалогтың шынайылығына күмән тудырды.
Ретсіз құрылыс
Алматы тұрғындары әлі күнге дейін тығыз құрылыс жұмыстарының жалғасып жатқанына алаңдаулы. Құрылыс нормалары мен сейсмологиялық қауіпсіздік күмән тудырады.
Ливневкалар мен су басу
Әрбір нөсер жаңбырдан кейін Алматы көшелерін су басады. Ескі әрі бітелген арықтар мәселесі жылдар бойы айтылып келеді, бірақ нақты өзгеріс аз. Тұрғындар "жүзгің келсе – жаңбырдан кейін көшеге шық" деп әзілдейтіні бар.
ЖЭО-2 және тұман
ЖЭО-2-ні газға көшіру туралы жарияланғанына және Еуропалық қайта құру және даму банкінің 324 млрд теңге несиесіне қарамастан, станция әлі де бұрынғы режимде жұмыс істеп тұр. Әр жылыту маусымында Алматыны қою тұман басады. Экологтар мен дәрігерлер дабыл қағуда, өкпе аурулары көбейіп келеді.
Жол жөндеу және көлік тығыны
Әкімдік 230 көшені жөндеу туралы хабарлады. Алайда бұл жөндеу жұмыстары алдын ала хабарланбастан басталып, көлік коллапсына әкелді. Жүргізушілер сағаттап кептелісте тұрады, автобустар кестені сақтай алмай жатыр. Осы тұста сұрақ туындайды: неге жол жақсы болып тұрса да, жөнделе береді?
Алматы каналы көпірі: не үшін?
Канал үстіндегі тас көпірді жаңарту жұмыстары түсінбеушілік туғызды. Ескі көпір берік әрі көрікті болатын. Көпшілікке жаңасы онша эстетикалық емес көрінеді. Бұл тағы бір күмәнді бюджеттік шығын ба?
Экология мен урбанистикадағы мәселелер
Президенттің экология мен құрылыс мәселелеріне қатысты есептілікке шақырғанына қарамастан, тұрғындар инфрақұрылымсыз жер телімдерінің таратылып жатқанын байқауда: мектептер, балабақшалар мен жасыл аймақтар құрылысшылардың мүддесі туындағанда жоспарлардан "жоғалады". Наурызбай ауданындағы әкімдік маңындағы құрылыс – соның көрінісі: паркинг аз, үй көп. Қазірдің өзінде коллапс байқалып тұр, әрі қарай ушығуы мүмкін.
Сенімсіздік пен петициялар
Жоғарыда айтылған мәселелер аясында отставка талап еткен петициялар пайда болды. Мұндағы мәселе тек шешімдерде емес, басқару стилінде де: ресми диалог, сирек жеке кездесулер, тұрғындардың пікірін екінші орынға ысырып қою сезімі. Иә, олар көп қол жинамады, бірақ бұл фактінің өзі көп нәрсені аңғартады.
Енді әкімді мақтауға тұрарлық істерге тоқталайық.
Электр желілері мен қосалқы станцияларды жаңарту
2024 жылы Алматыда ескі орталықтағы 7,7 км электр желісі жаңартылып, 58 км сыртқы жарықтандыру кабель желілері қайта жасалды. 4400-ден астам жаңа шам мен 193 жарық тірегі орнатылды. 2025 жылға тағы 27 км жаңа желі мен 4500 шам жоспарланған – бюджеті 1,8 млрд теңгеге дейін ұлғайды.
Жылу энергетикасын жаңарту
20 км жылу желісі жаңартылып, 85 қазандық қайта жөнделді. 2025 жылы тағы 40 км жылу желісі мен 21 қазандықты жаңарту жоспарланған. Бұл жылу жүйелерінің тозуын 2025 жылдың соңына қарай 54,1%-ға дейін төмендетеді.
Қауіпсіздік: бейнебақылау және бақылау жүйелері
Бір жыл ішінде 1000-нан астам бейнекамера мен 36 "Сергек" кешені орнатылды. 2025 жылы тағы 400 камера орнатылып, қаланың бірыңғай бақылау жүйесіне қосылады.
Оқушыларға арналған көлік
Алатау сияқты дамып келе жатқан аудандар үшін мектеп оқушыларын тасымалдауға автобус сатып алынды. 2024 жылы 1900-ден астам оқушы мектепке жеткізілді, алдағы уақытта тағы 23 автобус сатып алу көзделген.
Медицина: амбулаториялар құрылысы
Алатау ауданында Қарасу ықшам ауданында күніне 200 қабылдауға арналған дәрігерлік амбулатория салынды. Саялы ықшам ауданында тағы бір дәл осындай амбулатория салынып жатыр.
Аудандарды абаттандыру
Қарасу мен Дардабаста 6 гектардан астам аумақта жаңа парктер салынды және абаттандырылды. Онда көше жиһаздары, орындықтар, жарықтандыру, көгалдандыру және серуен жолдары жасалды. Сонымен қатар, Боралдай өзенінің жағалауы абаттандырылды – жоба құны 2,1 млрд теңге.
Сейсмикалық қауіпсіздік: ғимараттарды түгендеу
Жер сілкінісіне төзімділік бойынша ғимараттарға ауқымды тексеру жүргізілді. 1950 жылдардағы мыңнан астам ғимарат қауіпті деп танылды. Бұл – нақты жағдайдың мойындалуы: иә, ескі үйлер бар, иә, оларды күшейту немесе қала құрылымын өзгерту қажет. Бұл дайындықтың кепілі емес, бірақ кем дегенде тәуекелді бағалауға талпыныс.
Жолдар мен магистральдарды жөндеу
2024 жылы 200 км-ден астам жол жөнделіп жатыр, оған 230 көше кіреді. Жаңа технологиялар қолданылып, асфальт 40°C-тан төмен температураға дейін салқындағанға дейін төселмейді – бұл жол жамылғысының беріктігін арттырады.
Сыншыл оқырман бұл практика бордюрлерді жыл сайын ауыстырумен байланысты деп айтуы мүмкін – бұл кей кәсіпкерлерге тиімді. Бірақ мұнымен тек Досаев емес, әр әкім айналысқан. Ал жол жөндеуді бәрі бірдей қолға алмаған.
Саясаттанушы не дейді?
Танымал сарапшы Марат Шибұтов Досаевтың ауысуы туралы қауесеттерге байланысты пікір білдіріп, қолдағандай сыңай көрсетті.
Оның айтуынша, Досаев тек қаладағы мемлекеттік төңкеріс әрекетінің салдарымен емес, сонымен қатар, бұрынғы әкім Бақытжан Сағынтаевтың құрылысты күрт арттырған мұрасымен күресуге мәжбүр болды.
Жалпы, Шибұтов Досаевтың жұмысына оң баға беріп, мынадай нақты нәтижелерді атап өтті:
– Мектептер саны 317-ден 367-ге дейін өсті.
– Балабақшалар саны 860-тан 1022-ге дейін көбейді.
– 2004 жылдан бері алғаш рет Алматының жаңа бас жоспары әзірленіп, іске қосылды. Бұрынғы жоспар 2014 жылы күшін жойған еді.
– Тәуелсіз кеңес құрылды, ол құрылыс жобаларын қарады. Соның ішінде төрттен бірі кері қайтарылды, ал жартысынан көбі қайта қарауға жіберілді.
– Таулы аймақтардағы қауіпті учаскелерде құрылысқа тыйым салынды, кейбір заңсыз құрылыстар бұзылды.
– Қалалық мәслихат депутаттары бюджетті тек бекітпей, оны қалыптастыруға да қатыса бастады.
– Аудандық бюджеттер 3-4 млрд теңгеден 24 млрд теңгеге дейін өсті.
– Қалада 3 жаңа мұражай мен 4 театр ашылды.
Шибұтовтың пікірінше, Досаев Ахметжан Есімов пен Бауыржан Байбектен кейін Алматының ең тиімді үш әкімінің бірі.