Өңірлерде жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көліксіз қалу қаупі бар

628

Көлік министрлігінің басшысы Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды.   

Өңірлерде жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көліксіз қалу қаупі бар Фото: ҚР Көлік министрлігі

Өңірлерде жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көліксіз қалу қаупі бар. Бұл туралы Көлік министрінің Ақмола облысының тұрғындарымен кездесуіне келген көлік саласында жүрген көкшетаулық кәсіпкерлер мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Көлік министрлігінің басшысы Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды. Жұмыс сапары дәстүрлі түрде жергілікті тұрғындармен кездесуден басталып, азаматтарды жеке қабылдаумен жалғасты. Айта кетерлігі, министрмен кездесуге негізінен көлік және жол салаларында жұмыс істейтін іскер адамдар мен жергілікті кәсіпкерлік қауымдастықтардың өкілдері жиналған.

Бірінші кезекте кәсіпкерлер Мемлекет басшысына Көлік министрлігін қайта құрғаны үшін ризашылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, бұл сала мамандары мен жолшылардың көптен күткен жаңалығы.

Ашық форматта өткен әңгіме барысында жол құрылысы мердігерлерін субсидиялау және жол-құрылыс техникасын жаңарту үшін жеңілдікті кредиттер беру, автомобиль жолдарын жөндеу және салу, орындалған жұмыстардың сапасын бақылау, мердігер ұйымдардың қазақстандық консорциумдарын халықаралық қаржы институттарының қарыздары есебінен қаржыландырылатын жол жобаларына жіберу мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ отынды арзандатуға және битумды жеткізуге қатысты сұрақтар қойылды.

Солтүстік өңірде сияқты бұл жерде де "Көкшетау-Омбы" автожолын жөндеу мәселесі қозғалды. Аталған жол учаскесі арқылы көрші мемлекетке қазақстандық карьерлерден қиыршық тас тасылып келеді. Трасса қазіргі таңда 3-ші рет жөнделіп жатыр. Жергілікті кәсіпкерлердің айтуынша, ауыр жүк көліктері жүк тасымалын одан әрі жалғастырса, жол тез арада өзінің бұрынғы қалпына түседі.

Бұған дейін хабарланғандай, Көліктік бақылау және автомобиль көлігі комитеті жақын арада трассада автоматты бақылау-өлшеу жабдықтарын орнатуды жоспарлап отыр. Алайда, кәсіпкерлер сонау 90-шы жылдары бұзылып тасталған Ертіс-Қызыл-Ту теміржол учаскесін қалпына келтіру ғана орын алған бұл жағдайды түзете алады деп санайды. Бұл мәселе қазіргі таңда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан теміржолы мамандарымен зерделеніп жатыр. Алайда, жергілікті тұрғындар көлік министрінен жобаны тек жолаушыларды тасымалдау үшін ғана емес, сондай-ақ жүк тасымалы қажеттілігін ескере отырып әзірлеуді сұрады. Осылайша, автомобиль жолына зиян келтірместен Ресей Федерациясына тек қиыршық тасты ғана емес, сонымен қатар сұранысқа ие басқа да құрылыс материалдарын тасымалдауға болады.

Сонымен бірге теміржол учаскесін Орталық Азия елдері мен Ресей арасында жүктерді, оның ішінде ауылшаруашылық жүктерін тасымалдау үшін транзиттік дәліз ретінде пайдалануға болады.

Кездесуде және жеке қабылдау барысында министрге тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындардың өкілдері жүгінді. Оларды алаңдататын негізгі мәселе – автобус жүргізушілерінің жетіспеушілігі. Қазір Көкшетау мен Степногорск қалаларындағы желілерде негізінен зейнет жасына жақындаған мамандар жұмыс істейді. Осы ретте кәсіпкерлер жолаушыларды қоғамдық көлікпен тасымалдайтын жүргізушілер жақын арада болмай қалады деп алаңдаулы.

Министрге дәл осындай сұрақ Қазақстанның барлық өңірінде қойылғанын айта кеткен орынды. Тасымалдаушылар D санатындағы жүргізуші куәлігін алу үшін жас көрсеткішін 21 жасқа дейін төмендетуді, сондай-ақ жүргізушіден автобуспен жүруге рұқсат етілмес бұрын маршруттық таксиде 3 жылдық тәжірибенің болуын талап ететін норманы алып тастауды талап етеді.

"D санатын алу үшін жүргізуші D1 санатын алуы керек және микроавтобуста 3 жыл жұмыс істеуі керек. Осылайша, біз іс жүзінде қиын жағдайға тап болып отырмыз, өйткені Қазақстанда маршруттық таксилер қалмады. Сонда жүргізуші бұл тәжірибені қайда жинауы тиіс? Парламент қабырғасында қауіпсіздік туралы айтылатыны тағы бар. Алайда, ұшақтарды басқаратын мамандардың жасы 18-де болуы мүмкін, ал автобус жүргізушілері ретінде неге 21 жастағы маманды алуға болмайды?!", - деді кездесуге келген тұрғындар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу