Әділет министрі Қанат Мусин "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын таныстырған болатын.
"Заң жобасы шеңберінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 15 бабына түзетулер енгізу қарастырылған. Мәселен, Конституциялық Соттың құрылуына байланысты Конституциялық Кеңес пен оның мүшелері аталған баптарға оларды Конституциялық Сот және оның судьяларына ауыстыру тұрғысында нақтылайтын түзетулер ұсынылады", - деді министр.
Қанат Мусиннің айтуынша, заң жобасында Есеп комитетінің атауын Жоғары аудиторлық палатаға ауыстыру бойынша нақтылайтын түзетулер де көзделген көрінеді.
"Сайлау туралы Конституциялық заңға түзетулерді сайлау алдындағы үгіт жүргізуге және үгіт материалдарын таратуға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық құрамдарымен байланыстыру мақсатында Заң жобасында Кодекстің 112 және 113-баптарына түзетулер көзделген. Атап айтқанда, үгіт материалды жаңалықтар мен талдау бағдарламаларында таратқаны, сондай-ақ онлайн-платформалар арқылы үгіт жүргізу шарттарын бұзғаны үшін жауапкершілік енгізіледі", - деді ол.
Осыған байланысты Сенат депутаты Ольга Булавкина "әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жағдайда нақты кімдер жауапқа тартылатыны" туралы сұраған болатын.
"Сіз айтып өткен заң жобасында онлайн платформалар арқылы сайлау алдындағы үгіт жүргізу шарттарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Атап айтқанда, бұл онлайн платформаларды пайдаланушылардың кандидат немесе саяси партияның ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне қасақана нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялауы, сондай-ақ аталған саяси партиялар мен адамдарға ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау үшін ақпаратты тегін жариялау және теріске шығару мүмкіндігін беруден бас тартуы туралы болып отыр. Алдағы сайлау аясында бұл өзекті мәселе екені даусыз. Қазақстанда жалпы сипаттағы онлайн платформалардың саны жеткілікті (Facebook, Instagram, Вконтакте, Twitter және т.б.), сондай-ақ WhatsApp, Telegram сияқты мессенджерлер де бар. Осыған байланысты мынадай сұрақ туындап отыр. Аталған құқық бұзушылық жасалған жағдайда нақты кім жауапқа тартылады? Онлайн платформаның әкімшісі әлде осы ақпаратты жариялаған не таратқан жеке тұлға ма? Мұндай жағдай туындаған болса, тараптар үшін қандай жауапкершілік көзделген?", - деп сұрады Сенат депутаты.
"Мұнда біз әлеуметтік желілерде жеке парақшасы бар жеке тұлғалардың жауапкершілігі туралы айтып отырғанымызды нақтылау қажет. Яғни адамдардың шектеусіз тобына, көпшілікке ақпарат таратуға арналған жеке парақшасы бар жеке тұлғаларға қатысты. Егер де бұл адамдар шарттық негізде үгіт-насихат жұмыстарын жүзеге асырса және осындай бұзушылықтарға жол беретін болса, онда олар жауапқа тартылады. Қоғамдық тарату сипатына ие емес жеке хат-хабарлар, атап айтқанда, егер бұл екі адам арасындағы хат алмасу болса, онда жауапкершілікке тартылмайды. Бұл (әкімшілік жауапкершілік – ред.) негізгі қызметі қоғамдық үгіт-насихат жүргізу болып табылатын адамдарға ғана қатысты", - деп нақтылады ведомство басшысы.