Оңтүстікте қозапаядан жиһаздық тақта өндіріле бастады

818

Оңтүстікте қозапаядан жиһаздық тақта өндіріле бастады

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданындағы "Сапа Инвест Плюс" ЖШС-нің зауыты қозапаядан жиһаздық тақта дайындай бастады, деп хабарлайды egemen.kz.
Бүгінде 30 адам жұмыс істейтін зауыт өнімі Астана, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Тараз қалаларындағы ірі кәсіпорындар сатып алады. Мақтааралдық өнімге Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Ресей мемлекеттері қызығушылық танытып отыр екен.

"Қозапаяның тоннасын 12 000 теңгеге сатып аламыз, бұл мақтааралдық шаруаларға да өз пайдасын тигізуде. 1 тонна қозапаядан 1 куб жиһаздық тақта шығады. 1 куб дегеніміз – 24 дана  тақта" - дейді зауыттың бас инженері Бақытбек Үсенұлы. 

Зауыттың өзінің бірнеше тракторлары мен қозапаяны жинайтын техникалары да бар. Бұл шикізатты өздері де өндіре береді деген сөз. Сондықтан, шикізат мәселесі толықтай шешілген. Зауыттың жұмысшысы Құрманғазы Таңбергеновтың айтуынша, жұмысшылардың жалақысы 70 мың теңгеден кем емес.

Айта кетейік, жақында ғана Шымкент қаласындағы "Тассай" индустриялық аймағында Қазақстандағы ерекше жобалардың бірі іске қосылды. Оңтүстік Кореяның технологиясымен жабдықталған "Мега Смарт" зауытының негізгі шикізаты – қозапая. Мақтааралдық "Сапа Инвест Плюс" қазіргі таңда осы зауытпен тығыз байланыста жұмыс жасап жатыр. "Мега Смарт" зауытының бас директоры Сергей Хегайдың айтуы бойынша, қозапая экологиялық таза өнім болғандықтан, ТМД елдерінде жоғары бағаланады. Осылайша Мақтаралдағы зауыттан жеткізілген тақталар түрлі түстермен ламинатталып, жиһаз зауытына өтеді. Оңтүстік Корея және Италияның қондырғыларымен жұмыс жасайтын зауыттың бұйымдарының сапасы жақсы, әсемдігі көз жауын алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу