Орталық Азия елдерінде энергетикалық тапшылық байқалып отыр - ranking.kz

902

ҚР Энергетика министрлігі еліміздің энергия тұтынуының орта мерзімді болжамын жариялады. Бұл құжатқа сәйкес, 2023 жылдан 2029 жылға дейін елде пайдаланылатын электр энергиясының көлемі жыл сайын орта есеппен 3%-ға артады.  

Орталық Азия елдерінде энергетикалық тапшылық байқалып отыр - ranking.kz Фото: egemen.kz

Өндіріс көлемі де өседі, алайда мұндай қарқынмен емес, деп жазады inbusiness.kz ranking.kz порталына сілтеме жасап.

Ресурстың жазуынша, алдағы жеті жылдағы электр энергетикасындағы өндіріс пен тұтыну деңгейлері 2023-2025 жылдары және 2028 жылы тепе-теңдік теріс болатынын көрсетеді. Елге жыл сайын 1,3-1,6 млрд кВт⋅сағ жетпейтін болады, ал 2029 жылы бұл көрсеткіш максимумға – 5,5 млрд кВт⋅ сағ жетеді.

Жалпы бұл жеті жылда елдегі электр энергиясын тұтыну 20,5%-ға ұлғаяды (121,1 млрд кВт⋅сағ-тан 146 млрд кВт⋅сағ-қа дейін). ranking.kz жазуынша, өндіріс көлемі бұл қарқынға ілесе алмайды: 2029 жылды 2023 жылмен салыстырған кезде +17,6%.

"Бұдан басқа аймақтар бойынша тұтыну көлемі де біркелкі болмайды. Электр энергиясы ең тапшы аймақ оңтүстік болып қала бермек. Ол дотация арқылы қамтамасыз етіледі. Елдің оңтүстік облыстары мен екі мегаполисінде электр энергиясын өндіру мен пайдалану арасындағы айырмашылық жеті жылдық кезеңде ең үлкен болып қала береді (11,8-12,7 млрд кВт⋅сағ шегінде).

Көрсетілген кезеңде батыс пен солтүстік энергия аймақтарында профицит байқалады", - деп жазады ресурс.

Ведомство басшысы Болат Ақшолақовтың 6 ақпанда Үкімет отырысындағы ақпаратына сәйкес, электр энергетикасы саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы бойынша елде кейбір қолданыстағы қуаттарды жаңғырту және жаңа өндіруші қуат көздерін енгізу көзделген.

Электр энергиясының тапшылығын болдырмау үшін секторда жобаларды іске асыру – шұғыл міндеттердің бірі. Елдегі электр энергиясы тапшылығынан басқа, коммуналдық желілердің тозуының жоғары деңгейі де байқалады. Бүгінгі таңда көрші елдерде де осындай мәселелер байқалуда. 

Мысалы, Қырғызстан билігі осы қыста суыққа байланысты тұтыну көлемін азайту үшін электр қуатын өшіре бастады. Көршілес елдің Энергетика министрлігі мұны жүктемесі артып, тозығы жеткен жабдықты сақтаумен байланыстырды.

Өзбекстанда да осыған ұқсас жағдай қалыптасты. Өзбекстанның Энергетика министрі Жүрабек Мырзамахмудовтың сөзінше, суықта электр энергиясын тұтыну көлемінің айтарлықтай артуы табиғи газ бен электр энергиясының тапшылығына әкелді. Сол себепті де билік белгілі бір шектеулер енгізуге мәжбүр, өйткені халық пен әлеуметтік нысандарды энергия ресурстарымен қамтамасыз ету мемлекеттің басым бағыттарының бірі болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу