Айта кетейік, көрнекі ақпаратта (жарнама құралдары) мемлекеттік тілді қолдануды міндеттейтін заң жобасы Президентке қол қоюға жіберілген болатын.
"Кейбір ресейлік депутаттар бұл заң жобасын Ресей үшін жағымсыз деп санайды. Себебі, Қазақстанда орыстар немесе орыстілділерді ығыстырып жатыр деп есептейді", - деді "Ашық диалог" жүргізушісі Александр Трухачев.
Бұл пікірді Дәурен Абаев "бір жақты" деп бағалайтынын айтты.
"Кейбір ресейлік басылым манипуляцияға барып отыр. Мысалы, "Қазақстан орыс тілін ашық қолданудан бас тартып жатыр" деген тақырып қояды. Бізді сыртқы жарнамада орыс тіліне тыйым салатын заң қабылдап жатыр деп көрсеткілері келетіндей. Ең өкініштісі, адамдар осындай қате тақырыптарды ғана көреді, ішін ашып оқымайды. Шын мәнінде, ешкім орыс тіліне шектеу қойып жатқан жоқ. Біз тек қазақ тілін қолдануды міндеттейміз. Маңдайшада екі немесе үш тілде жазу тұра берсін, онда тұрған ештеңе жоқ", - деп жауап берді Дәурен Абаев.
Оның айтуынша, қазір жарнамалар мен маңдайшаларда қазақ тілінде қате көп. Депутаттары осы нәрсеге алаңдайды.
"Қазір аударманың көбі – калька. Интернетте ондай сөздерді әжуалайтын мем көп-ақ. Сондықтан осы заң жобасында аударма жасағанда орфография нормаларын сақтау талаптары жазылған", - деп толықтырды Абаев.
Сонымен қатар жер-су атауларын да біріздендіру көзделген.