Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарларына сәйкес өкілді органдар депутаттығына кандидаттарды ұсыну мерзімі 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанда сағат 18.00-де аяқталды.
"Бұл сайлау науқанының ерекшелігі – Парламент Мәжілісінің, сонымен бірге облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды ұсыну аралас: пропорционалды өкілдік ету, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайлау жүйесі арқылы жүзеге асырылды. Ал аудандар мен қалалардың мәслихаттарына депутаттығына кандидаттарды ұсыну рәсімі толығымен мажоритарлық жүйе негізінде, яғни бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша өтті.
Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығына заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар ие болды. 21 қаңтарда өткен Орталық сайлау комиссиясының екінші отырысында партиялық тізім бойынша сайлауға қатысуға елімізде тіркелген барлық 7 саяси партия жіберілді. Сайлау туралы Конституциялық заңның нормаларына сәйкес саяси партиялар біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайлау үшін партиялық тізімдерді және басқа да тиісті құжаттарды Орталық сайлау комиссиясына ұсынды. Ал Парламент Мәжілісінің депутаттығына 29 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен бірге азаматтар өзін-өзі ұсынды. Бұл электоралдық рәсімдерге округтік сайлау комиссиялары қатысты. Жоғарыда аталған сайлау үдерісінің субъектілері барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттығына да кандидаттарды ұсыну құқығына ие болды. Сайлау туралы Конституциялық заңның нормаларына сәйкес мәслихаттар депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен оны өткізу тек аумақтық сайлау комиссиялардың құзыретінде екенін атап өткен жөн", – деді Нұрлан Әбдіров.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петровтың мәліметінше, тіркелген барлық 7 саяси партия Парламент Мәжілісінің 69 мандаты үшін саяси додаға қатыспақ.
"Парламент Мәжілісі сайлауында саяси партиялардың тізімдерінде Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген 30 пайыздық квота толығымен ескерілді. 29 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша 609 кандидат ұсынылды. Жалпы республика бойынша әр сайлау округіне орташа бәсекелестік 21 кандидатты құрайды. Ең жоғары бәсекелестік Астана қаласының 2 сайлау округінің әрқайсысы бойынша – 63 кандидат. Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысының сайлау округі бойынша – 8 адам. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттар депутаттарының 334 мандатына партиялық тізім бойынша ұсыну кезеңінде саяси партиялар белсенділігінің жеткілікті дәрежеде жоғары болды. Мысалы, 6 партия (Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан басқа, "Байтақ" партиясы Қостанай облысы бойынша) өңірлердің көпшілігінде мәслихаттардың депутаттарын сайлауға партиялық тізімдерін ұсынды. Ал облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана (334), аудандар (2130) мен қалалар (617) мәслихаттарының депутаттығына (бұл 3081 мандат) кандидаттарды бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша ұсыну қорытындыларына сай орташа бәсекелестік 4,3 кандидатты құрайды. Бұл көрсеткіштер азаматтардың және азаматтық қоғамның жоғары белсенділігін айғақтайды.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттығына партиялық тізімдерді, кандидаттарды тіркеу кезеңі 18 ақпанға дейін жалғасады. Парламент Мәжілісіне партиялық тізімдер бойынша кандидаттардың Конституция мен Сайлау туралы Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау және партиялық тізімдерді тіркеу мәселелерін Орталық сайлау комиссиясының жекелеген отырыстарында қарастырылады. Сондай-ақ отырыстардың бірінде аумақтық сайлау комиссияларының бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды және партиялық тізімдерді тіркеу қорытындылары туралы қабылдаған шешімдеріне қатысты есептерін тыңдайтын боламыз", - деді Константин Петров.
Жалпы, партиялық тізім бойынша "Қазақстан Халық партиясынан – 52, "Ақ жол" демократиялық партиясынан – 52, "Жалпыұлттық социал-демократиялық" партиясынан – 19, "Байтақ" жасылдар партиясынан – 18, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан – 25, "Respublica" партиясынан – 25, "Amanat" партиясынан 90 кандидат саяси додаға түспек.
Сайлау науқаны аясында шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан аккредиттеу бойынша және Сыртқы істер министрлігінің ұсыныстар бойынша аккредиттеу рәсімі жалғасып жатыр.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерманның айтуынша, 2023 жылғы 20 қаңтарда халықаралық байқау институты ашылғаннан бері Орталық сайлау комиссиясы 1 шет мемлекет пен 2 халықаралық ұйымнан 25 байқаушыны ресми тіркеуден өткізген. 2023 жылғы 9 ақпандағы жағдай бойынша Сыртқы істер министрлігінен 2 шет мемлекеттер мен 1 халықаралық ұйымынан 37 байқаушы тіркеуден өтуге ұсынылған. Қытай Халық Республикасынан 2 кандидатура және Нидерланд корольдігінен 3 кандидат, ал Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлауды байқау жөніндегі миссиясынан 32 байқаушы ұсынылып отыр.