Осыған дейін қат болған пияз алқаптарда қап-қабымен шіріп жатыр

489

Ішкі нарыққа көп дегенде 390 мың тонна пияз керек.

Осыған дейін қат болған пияз алқаптарда қап-қабымен шіріп жатыр Фото: Inbusiness.kz

Осыған дейін қат болған пияз қазір тонналап алқап, қоймаларда шіріп жатыр. Ішкі нарыққа өнімін өткізе алмай отырған оңтүстіктегі шаруалар енді Үкіметтен көмек сұрайды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Кәсіпкерлер жуаны төмен бағаға ұсынса да, сауда желілері қажет қылмай отырған көрінеді. Халық жиі тұтынатын пиязға сұраныс не себепті азайып кетті?

Бұл биылғы астық маусымынан Шенгелді ауылында жиналған 18 мың тонна пияз. Дүкен сөрелерінде сатылып, кәдесіне жараудың орнына алқап, қораларда қап-қабымен шіріп жатыр. Көзін ашқалы пияз өсірумен келе жатқан шаруалар үшін де бұл тосын жайт. Төмен баға қойсақ та, өткізе алмай әлекпіз, деп бүгін олар мәселенің шешімін Мәжілістен сұрай келіпті.

"Биыл мүлдем 1 грамм өткізе алған жоқпыз. Өзім 1 грамм өткізген жоқпын. Пиязды білесіздер, ол кез келген тағамға қосылады, бұршақ емес аптасына бір жасайтын. Бірақ неге екенін өтпей жатыр. Бұған тұрақты баға да жоқ. Сұраныс жоқ, базарда да жоқ. Неге екені магнум, супермаркеттерде 160 теңгеден тұр. Соны бізден 60 теңгеден алып, аржағында 100 теңге пайда көрсе болады ғой", - дейді Алматы облысының кәсіпкері Қанат Дәулетбаев.

Былтыр Үкімет экспортқа шектеу қойып, қолымызды жіпсіз байламағанда мұндай жағдайға душар болмас едік, дейді ашынған кәсіпкерлер. Ал бүгінгі сәтсіздіктерін нарыққа Ресей және Өзбекстан өнімінің төмен бағада кіруімен байланыстырады. Сондықтан министрлік тұрақты бағаны бекітуі тиіс, деген пікірде. Ал құзырлы орган қандай шешім шығарсақ та, халықтың қамы үшін жасадық, деп ақталды.

"Біз жоспарлы экономикаға қайтып барамыз ба, әлде нарықтық экономикада қаламыз ба? Шектеу қою Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысы болатын. Иә, шекараны жабуға шешім шығардық. Бірақ бұл тапшылықтың алдын алып, халықты өніммен қамтамасыз ету үшін жасалды. Негізі қанша өнім өндіріп, қаншасын сыртқа сатамыз, қаншасын іште қалдырамыз деген жоспар болуы керек. Оны біреу есептеуі тиіс. Бірақ Сауда министрлігі емес", - деді ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков.

Министрлік өкілдері мен кәсіпкерлердің айтысынан олардың әу бастан бағаға байланысты бір келісімге келе алмағандары байқалады. Оның үстіне ішкі нарыққа көп дегенде 390 мың тонна пияз керек. Өндірілген өнімнің мөлшері одан әлдеқайда көп. Сондықтан депутаттар нарықты өз өндірушілеріміздің пайдасына бақылауға алуды ұсынды. 

"Оларға не дейміз? Сендер өсірмеңдер, пайда таппаңдар деп айта алмаймыз. Бұл жерде пияздың мөлшерін қысқарту емес, пиязды қолдану және апаратын нарықтарды ашып беру үкіметтің құзыретінде. Нарықтарды ашу деген Қытай, Ресей бар, Ресейге экспорттаған кезде кедергілерді алып тастау, басқа да нарықтар бар ғой. Мүмкін пиязды өңдеу фабрикаларын ашу ма, сондай жобалардың барлығын үкімет жағынан", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Ходжаназаров.

Енді кәсіпкерлер қазір далада жатқан өнімі түгел ысырап болып кетпей тұрғанда Үкіметтен қойма табу мәселесін шешіп беруді өтінеді. Елімізде пияз сақтайтын қоймалар да жоқтың қасы екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу