Отандық сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 77%-дан аспай отыр

252

Оған қажетті сүт-шикізат көлемінің жетіспеуі себеп. 

Отандық сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 77%-дан аспай отыр Фото: Kursiv.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елімізде 2,5 млн тонна өнім шығаратын 172 сүт өңдеу кәсіпорны бар, деп жазады inbusiness.kz.

Осыдан екі жыл бұрынғы құрғақшылық пен азық-түліктің қымбаттауынан шағын фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтар мал басын азайтты. Бұл сүт жинау көлемінің азаюына әкелген, деп түсіндіреді ведомство.

"Бұл мәселені шешу үшін еліміздің барлық өңірлерінде сүт-тауар фермаларының желісін құра отырып, СҚО тәжірибесін көбейту бойынша жоба жұмыс істейді. Оны іске асыруға биыл 100 млрд теңге бөлінді. Облыс әкімдіктерінің өтінімдеріне сәйкес, жылына 373 мың тоннаға дейін сүт өндіретін 65 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Несиелеу қағидаларының жобасы әзірленді, оған сәйкес несие мерзімі 10 жылға дейін, несиенің ең жоғары сомасы – 5 млрд теңге, сыйақының номиналды мөлшерлемесі жылдық 2,5% - дан аспайды", - деп хабарлады АШМ.

2025 жылға дейін жұмыс істеп тұрған сүт өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту бойынша жиырмаға жуық инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.

Министрліктің хабарлауынша, аталған сүт-тауар фермаларының саны мен қуаты жергілікті өндіріс есебінен сүт өнімдеріне ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге, отандық сөрелердегі импорттық тауарлардың көлемін азайтуға мүмкіндік береді.

Осы тұста ведомство отандық сүт өнімдеріне, оның ішінде елден тыс тұрақты сұраныс болғанда ғана қосымша сүт-тауар фермалары мен сүт зауыттарының құрылысы туралы айтуға болады деп отыр.

"Елімізде өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімін тереңдете өңдеп өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау қағидаларына өзгерістер күшіне енді. Инновациялар сары май, қатты ірімшік және құрғақ сүт сияқты өнімдердің өндірісі мен нарыққа шығуын арттыруды көздейді. Қағидаларда субсидияларды есептеу тек көрсетілген өнімдерді өндіру үшін шикі сүтті жұмсау бойынша жүргізіледі. Енгізілген өзгеріске сәйкес, субсидияларды төлеу үшін ең маңызды көрсеткіш – сатылған өнімнің көлемі", - делінген хабарламада.

Бұл өндірушінің электронды шот-фактура немесе банктік төлем құжаттары арқылы ақша түсуімен расталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу