Астанада Орталық Азиядағы әйелдер құқығын қорғау және әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты жою бойынша жұмыс істейтін азаматтық қоғам ұйымдарының үшінші өңірлік форумы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Орталық Азия елдерінің әйелдер құқығы қозғалысының белсенділері гендерлік зорлық-зомбылықты жою бойынша альянс құруға ниетті екенін білдірді. Келешекте бұл альянс аймақтың 5 еліндегі 78 млн адамды біріктірген ортақ алаңға айналады деп күтілуде.
"Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін қалай жоюға болады дегенге келетін болсақ, ең әуелі мұндай проблема бар екенін мойындауымыз керек. Бұл біздің аймаққа ғана тән емес, жаһандық деңгейдегі мәселе. Біз бірігіп, зорлық-зомбылықтың кез-келген түрінен бас тартуымыз керек. Бұл – кез-келген адамға қатысты зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік идеясының мәні. Альянс аймақтағы мәселелерге бей-жай қарамайтын сарапшылар мен азаматтарды біріктіріп, өзара тәжірибе және идеялар алмасатын платформаға айналуы үшін қажет. Оны жүзеге асыру мерзімі алдағы бірнеше жылға деп белгіленген. Көп нәрсе ел үкіметтерінің қолдауына да байланысты болмақ. Себебі, зорлық-зомбылық мәселесін бір-бірімізден бөлек шеше алмаймыз, оған барлық актор қатысуы тиіс. Біз болашақта бұл құрылымның қалай жұмыс істейтінін талқылайтын боламыз. Ең бастысы ниет бар", - деді гендерлік теңдік мәселелері бойынша халықаралық кеңесші Халида Әжіғұлова.
Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының өкілі, сарапшы Биродар Мирзаев отбасылық зорлық-зомбылықпен күрестегі Өзбекстанның тәжірибесімен бөлісті.
"Бірнеше жыл бұрын әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заң қабылданған болатын. Алайда байқағанымыздай, заң болғанымен, мәселе өзекті бола түсті. Биылғы сәуір айында елімізде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдататын жаңа заң қабылданды. Нәтижесінде, санкциялық шаралар күшейтіліп, жаза мерзімдері ұлғайтылды. Бұл бастаманы мемлекет қолдады. Осылайша, Өзбекстан зорлық-зомбылықты ешқандай түрде қабылдамайтынын жеткізді. Әрине, бұл мәселені бір күнде жою мүмкін емес. Бәлкім оған ондаған жылдар да кетуі мүмкін. Себебі, зорлық-зомбылық дегеніміз қалыпты жағдай емес екенін түсіндіруге, қоғамның санасына бекітуге біраз уақыт қажет", - деп түсіндірді ол форум кулуарында.
Осы тұста Қазақстанның мысалын да айта кеткен жөн. Қоғамда зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту туралы айтылып келе жатқанына біраз болды.
"2020 жылы Мәжіліске заңды күшейту туралы заң түскен. Оны талқылау барысында қоғам екіге бөлініп кеткен. Неге десеңіз, бұл заңды қабылдайтын болсақ, ертең біздің балаларымызды тартып алады, дәстүрлеріміздің бәрін аяққа таптайды деген азаматтар шықты. Екінші жақтан заңды қатаңдату керек деген азаматтар аз болып, заң қайтарылып, қабылданбады. Енді қазір болып жатқан оқиғалар аясында қоғам белсенділері мен азаматтардың көзқарасы өзгерді ме екен деген үміттеміз", - деді Сенат депутаты Жанна Асанова.
Сенатор бұл мәселе жан жақты талқылауды қажет ететінін баса айтты.
Қырғызстан әйелдері үкіметтік емес ұйымдарының форумының төрағасы Нұргүл Джанаева отбасын құруға ниетті жастарға арналған арнайы курс болуы қажет деп есептейді. Ол мұнда ер мен әйел теңдігі мәселелері ашық талқылануы керек екенін жеткізді.
"Бұл курс тек тұрмыс құрғалы жатқан қыздарға ғана емес, үйленуге ниетті жігіттерге де арналуы керек. Мұнда әйел ердің жеке меншігі емес екендігі, әйел мен ер адамның құқығы тең екендігі айтылуы қажет. Ол үшін әрине сыйластық, өзара түсіністік секілді қасиеттер дәріптелген жөн. Жалпы алатын болсақ, әлеуметтену мектеп қабырғасынан бастау алады", - деп мәлімдеді қырғызстандық сарапшы.