"Өмірде де қаталмын": Судья Айжан Құлбаева өмірі жайлы айтып берді

739

Салтанат Нүкенованы асқан қатігездікпен өлтіру бойынша үкім шыққанға дейін белгісіз біреулер Айжан Құлбаеваға қоқан-лоқы көрсеткен, қазір осы іске қатысты тергеу жүріп жатыр. 

"Өмірде де қаталмын": Судья Айжан Құлбаева өмірі жайлы айтып берді Фото: Артем ЧУРСИНОВ

Бұл туралы Айжан Құлбаева Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында айтып, жалпы өзі туралы және атышулы экс-министрдің ісі, сот процесі аяқталғаннан кейінгі өмірі туралы сыр шертті, деп хабарлайды іnbusiness.kz сайты. 

Айжан Құлбаева – Түркістан облысының тумасы. Түркістан облысындағы Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін тәмамдаған.

“Әділет басқармасында оқыдым. Кейін ол сот әкімшісі болып қайта құрылды. Бастапқыда маман болып жұмыс істедім. Кейін судья болуға емтихан тапсырдым. Судья болуды қаладым. Сот жүйесіне келгенімде судьяның қаншалықты маңызды жұмыс істейтінін көрдім”, – дейді Айжан Құлбаева қызметі жайында.

Судья атышулы соттың ашық әрі тікелей эфирде болатынын ескере отырып, өзіне артылған жауапкершілікті түсінгенін айтады.

“Істі зерттеп, оның аяғына дейін жеткізуден басқа ештеңе ойламадым. Соттың тікелей эфирде өтетіні алдын ала сот отырысында белгілі болды. Біздің сот аса ауыр қылмыстарды қарайтындықтан тұрмыстық зорлық-зомбылық пен кісі өліміне қатысты істер апта сайын, тіпті күнде түседі”, – дейді ол.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша судья Айжан Құлбаева 19 сәуірден бастап күзетпен жүрді. Оған белгісіз біреулер қоқан-лоқы көрсетіп, қоңырау соғып, хабарламалар жіберген. Осы дерек бойынша тексеру үшін қылмыстық іс қозғалды, қазір тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.

“Қазір күзетті алып тастады. Білуімше, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Тергеудің мән-жайын ашып айта алмаймын. Қазір өзімді қауіпсіз сезінемін”, – дейді судья.

Айжан Құлбаева Бишімбаевтың ісінен кейін көп адамның көшеде танып жататынын айтты. 

“Көшеде адамдар танып жатады. Мен амандасамын, бірақ суретке түсуден бас тартамын. Танымалдық қызметіме кедергі келтірмейді. Қылмыстық істі қарау барысында, сот отырысы кезінде менің танымалдығымның еш маңызы жоқ. Күнделікті өмірде де дәл солай. Судьялар ел алдында жүретін адамдар емес. Мен жұмыс барысында қаншалықты қатал әрі бәрін бақылауда ұстайтын адам болсам өмірде де дәл сондаймын. Ал жақындарым мені түсінеді, қолдау білдіреді”, – дейді судья.

Сондай-ақ Айжан Құлбаева алқабилер мен судья қалай шешім шығаратынын айтты.

“Екі үкімнің болуы мүмкін емес. Алқабилер мен судья бірігіп дауыс беру арқылы бір үкім шығарады. Басым көп дауыс жинаған үкім шығарылады. Менің және алқабилердің дауысы тең”, – дейді ол.

Тікелей эфир кезінде бірнеше рет камералар өшіріліп, сот алқабилерді сот залынан шығарып жіберді. Ол кезде не талқылағаны көпшілікке қызық. Айжан Құлбаева камералар өшіп, алқабилер залдан шығарылған кезде қалған сотқа қатысушылармен құқықтық мәселелерді талқыланатынын айтты. Онда айтылатын дүниелер алқабилердің қатысуынсыз талқылануы керек. Айтуынша, егер камераны өшірмесе, алқабилер оны әлеуметтік желіде тараған үзінділерден көріп қалуы мүмкін. 

Сонымен қатар судья сот отырысы кезінде эмоцияға берілмей, өзін бақылауда ұстағанын айтады.

“Жәбірленуші тарапқа немесе соттың басқа қатысушыларына қатысты белгілі бір сезімді бастан өткердім деп айта алмаймын. Тек заңды басшылыққа алдым. Сотталушының телефонын қараған кезде де ешқандай эмоцияға берілмедім. Мен сот отырысының тікелей эфирде жүріп жатқанын білемін. Сол себепті өз эмоциямды бақылауда ұстадым. Ал адамдар менің түрімді көріп эмоцияға ерік берді деп жатты”, – дейді Айдан Құлбаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу