Медицина ғылымдарының докторы, PhD, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Кардиология кафедрасының профессоры Сәуле Оразалина инфекциядан туындаған қабынудың әсері жүрек қызметін нашарлатып, жүрек қызметінің кемістігі бар науқастарға жағымсыз әсер ететінін айтады. Оның сөзінше, Еуропалық кардиологтар қоғамының мәліметтеріне сәйкес, қазіргі сәтте вирустың жүрекке тура әсері туралы дәлел жоқ. Алайда жүйелі түрде болатын ауыр қабыну процестері аритмияны асқындырады. Сондықтан жүрек қызметінің кемістігі, дилатациялық кардиомиопатия, оң жақ қарыншаның өршіген аритмогендік кардиомиопатиясы және туа біткен жүрек кемістігі бар науқастар індетті жұқтыру бойынша тәуекелі жоғары топта.
"Вирустың қабынатын әсерін ескере отырып, теориялық жағынан вирустық инфекция коронарлық артерияларда май шөгінділерінің түзілуін тудырып, бұл жіті коронарлық синдромға, яғни, жүрек ұстамасына әкеледі деген қауіп бар. Кеудесінде жайсыздықты сезінетін адамдар коронавирус белгілерінің пайда болған кезінде міндетті түрде дәрігерге қаралуға тиіс. Егер адамдар індетті жұқтырған кезде жүрек-қан тамыр ауруларының симптомдарын сезінетін болса, оларды назардан тыс қалдырмауы тиіс. Егер дене шынықтыру кезінде немесе тыныштықта жатқанда кеудеңізде ауыру сезімі пайда болып, тыныс алу қиындаса, жүрек қағысы жиіленіп немесе естен танатындай әлсіздікті сезінсеңіз, сізге шұғыл түрде жедел жәрдемді шақыру қажет", - дейді дәрігер.
Мамандар емдеуге жатқызу туралы шешім қабылдамас бұрын, аталған белгілер мен жалпы қарап-тексерудің негізінде науқастың жай-күйін бағалайды.