Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, алтыншы сайланған Парламент төртінші сессиясын аяқтады, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі.
Палата төрағасы атап өткен санды мәліметтерге тоқталсақ, сессия барысында қос палатаның 5 бірлескен отырысы, мәжілістің 41 және сенаттың 26 жалпы отырысы өтіпті. Онда 319 мәселе қаралған. Жалпы төртінші сессия басталған кезден 83 заң жобасы қабылданып, оның ішінде 82 заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойып, заң өз күшіне енді.
Солардың қатарында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту жөнінде бастамасына орай, депутаттар "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы" Заңды қабылдады.
Сонымен бірге, Түркістан облысы және Шымкент қаласының алдағы даму жоспары Конституциялық заңмен бекітілді.
Парламенттің әрбір сессиясында негізгі орын алатын еліміздің бас қаржы құжаты республикалық бюджетті қабылдап, 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке тағы да түзетулер енгізіген.
Сондай-ақ, "Денсаулық сақтау мәселелері бойынша", "Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша" және "Кинематография туралы", "Стандарт туралы", "Көлік мәселелері бойынша" бірқатар заң қабылданды.
Бүгінгі таңда Парламент кәсіпкерлікті қолдауға жағдай жасау үшін, бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеуге қатысты заңнамаға өзгерістер енгізді.
Парламент 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іске асыруды жалғастырып, "Қазақстан Республикасы орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша" заң қабылдады.
Сессия барысында депутаттар 12 халықаралық парламенттік ұйым шеңберінде белсенді жұмыс істеді, 327 халықаралық іс-шараға қатысты және 80-нен астам шетел парламенттерімен ынтымақтастықты арттыруға үлес қосты.
Сессия барысында депутаттық корпус үкімет енгізген заң жобаларымен табысты жұмыс істеп, өзінің заң шығару бастамасын да жемісті орындады. Депутаттар "Тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша" заңға бастамашы болды.
Парламентте 20 үкімет сағаты, 3 парламенттік тыңдау, 24 "дөңгелек үстел", комитеттердің 29 көшпелі отырысы және 4 халықаралық конференция өтті.
Парламенттің қос палатасының депутаттары өткен сессияда 319 депутаттық сауал жолдаған. (соның ішінде, мәжіліс депутаттары – 211, сенат депутаттары 108 сауал жолдады).
Сонымен қатар, осы сессияда Парламент депутаттарына азаматтардан 7 мыңға жуық хат келіп түсті, осы хаттардың барлығы заңға сәйкес қаралды.
Жалпы айтқанда, Парламент депутаттары 2 мыңнан астам қалалар мен ауылдарды аралап, 4 мыңдай кездесу өткізіпті.