Өңірде тұрмыстық қалдықтар жиналған заңсыз алаңдарды анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін олардың басым бөлігі жойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жергілікті экология департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері аймақта мұндай 205 аумақ анықталған. Негізі коммуналдық қалдықтарды шығару, қоқыс полигондары жұмысын бақылау – әкімдіктердің құзырындағы іс. Сондықтан ретсіз жиналған қоқыс полигондарының мекенжайлары сол әкімдіктерге берілді. Олар өз кезегінде осы күнге дейін 199 алаңды жойды.
Айталық, Екібастұз қаласында былтырдың өзінде 20 учаске қоқыстан тазартылып, 3500 тоннасы шығарылды. Биыл тағы 23 заңсыз аумақтан 4300 тонна қалдық жиналды. Қала әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, мұндай заңсыздықты жеңу үшін алдағы уақытта қоғамдық қауіпсіздік камералары көптеп орнатылмақ. Бірақ алдымен тұрғындардың өздері қоқыс қалдырмауды үйренуі керек.
Айта кетейік, қазіргі уақытта қалдықты заңсыз жинағаны үшін жеке тұлғаларға 50, ал заңды тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Экология және табиғи ресурстар министрлігі алдағы уақытта мұндай жазаның салмағын ауырлатпақ. Мәселен, арнайы рұқсат етілген аумақтардан тыс жерлерге қалдықтарды апаратын тұрғындар енді 50 АЕК емес, 200 АЕК көлемінде айыппұл арқалауы мүмкін. Бұл дегеніңіз – сома 172,5 мың теңгеден бірден 690 мың теңгеге өседі деген сөз.