Павлодар облысында жайылым тапшы

964

Кейбір елді мекендердегі жайылымды ірі шаруашылықтар алып алған.

Павлодар облысында жайылым тапшы

Өңірде барлығы 8,3 млн гектар жайылымдық жер бар. Оның 4,7 млн гектары ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен тұрғындарға бекітіліп берілген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Алайда 36 ауылда жайылымдық жер мәселесі өзекті болып отыр. Атап айтқанда, Ақсу қаласы, Павлодар және Тереңкөл ауылдарына 33 мың гектардан бастап 73 мың гектар аумаққа дейін жер керек. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Өтешовтің айтуынша, жыл басынан бері 106 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жыл соңына дейін тағы 175 мың гектарды тұрғындардың пайдалануына бермек.

"Осындай кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, жайылымдық жердің тапшылығы туындай береді. Себебі жыл сайын тұрғындардың қораларындағы мал саны көбейіп жатыр. Сұраныс артқан сайын, тапшылық та болады. Сондықтан малды бағу ережелеріне өзгеріс енгізу керек. Ауылдардың маңында сүтті сиырларды ғана қалдырып, қалғанын шалғайдағы жайылымға қосқан жөн", – дейді Мейрам Өтешов.

Қарапайым тұрғындарға малды өріске қосар жер табылмай тұрған тұста өңірдегі бірнеше ірі шаруашылық елді мекен аумағына кіретін жерлерді пайдалануға алғаны белгілі болды.

Айталық, соңғы бес жылда "Крон-Агро", "Ертіс-Агро", "Абай" сынды шаруа қожалықтары ауылдық аймақтардағы телімдері иеленіп алған. Ал заңнамаға сәйкес, мұндай жерлер шаруашылықтарға үлестірілмеуі тиіс еді. Сондықтан бұл кәсіпорындарға тиесілі 74 мың гектар қайтадан мемлекет меншігіне қайтарылды.

"Бұл мәселелерге қатысты сот процесі бір жылға жалғасты. Жалпы игерілмей жатқан немесе мақсатсыз пайдаланылған жерді қайтадан мемлекетке қайтару – машақаты көп іс. Тіпті, оған үш жыл уақытты сарп етуге тура келеді. Жоғарыда аталған жайттарға қатысты сот шешімі бір апта бұрын ғана шығарылды. Енді бес жыл аралығында елді мекен аумағындағы жерлер қалай шаруашылықтарға өтіп кеткенін анықтаймыз", – дейді әкім орынбасары.

Сондай-ақ Май, Аққулы аудандарындағы кейбір шаруашылықтар жайылымдық жерлердің аумағынан ор қазып, белгілеп алған. Бұл да – заңғы қайшы әрекет. Сондықтан оларға бір айда олқылықты қалпына келтіру туралы ескерту берілді. Кемшілік жойылмаған жағдайда сотқа жүгінуге тура келеді.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу