Павлодар облысындағы "Абай" ЖШС БАӘ-ге 36 тонна ет экспорттады

1001

Павлодар облысындағы "Абай" ЖШС БАӘ-ге 36 тонна ет экспорттады

Павлодар облысында "Абай" ЖШС Біріккен Араб Әмірліктеріне 36 тонна тоңазытылған ет экспорттады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы агенттіктің тілшісіне берген сұхбатында серіктестіктің бас директоры Едіге Арбиев мәлім етті. 

"Ірі қара мал етінің алғашқы партиясы  жүк көлігі арқылы жөнелтілді. 25 күннен кейін еттің қандай санатқа кіретіні белгілі болады. Мәселен, Парсы шығанағына Үндістан мен Пәкістан, Жаңа Зеландия елдерінен ет жеткізіледі. Солардың ішінде Жаңа Зеландия мен Аустралиядан әкелінетін еттің бағасы жоғары, Пәкістан мен Үндістаннан келетін еттің бағасы төмен болады. Менің топшылауымша, біздің өнім Аустралия мен Жаңа Зеландия тәрізді үздік категорияға кіру керек", – дейді Едіге Арбиев.

Кәсіпкердің айтуынша, Дубайға ет тасымалдау бойынша келіссөздер жүргізу үшін үш ай уақыт кеткен. Алғашқы партия ойдағыдай саудаға асырылса, ақпан айының соңында Астанадан ұшақ арқылы тағы бір партия ет жіберу көзделіп отыр. Бұдан басқа, Ресейдің Омбы және Барнауыл өңірлеріне қой еті тасымалданады. Қазіргі таңда көрші елден 40 тонна қой етіне тапсырыс түскен.

Айта кетейік, Шарбақты ауданындағы "Абай" ЖШС 2015 жылдың желтоқсан айында 10 мың мал басына арналған бордақылау алаңының құрылысын аяқтады. Бүгінгі күні мұнда бес мыңға жуық ірі қара мал бар. Бұл көрсеткішті 10 мыңға дейін жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, шаруашылықта егістік алқабы жеті мың гектарға дейін үлкейтілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу