Павлодар облысы аумағындағы мұнай құбырларының бірі жөндеуден өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар мұнай құбыры басқармасының жұртшылықпен байланыс жəне ішкі коммуникациялар жөніндегі жетекші маманы Бейбіт Бөженнің мәлімдеуінше, 1983 жылы пайдалануға берілген "Павлодар-Шымкент" магистральдік мұнай құбыры –Павлодар облысы аумағынан өтетін мұнай құбырларының бірі.
"Құбырдың жалпы ұзындығы 1637 шақырым. Диаметрі 820 миллиметр. Бұл трасса Батыс Сібірден Шымкент қаласына мұнай тасымалдауға арналған. Жақында ірі магистральдік желінің бірнеше учаскесі жөндеуден өтті. Яғни, ақауы бар бөлігі ауыстырылды. Жұмыс бойынша жоспар "ҚазТрансОйл" АҚ орталық аппаратымен келісіліп, әр іске жауапты адамдар белгіленіп, рұқсат қағаздар ресімделді",– дейді Бейбіт Бөжен.
Павлодар мұнай құбыры басқармасының бастығы Нұржан Күшжанов жөндеу жұмысы кезінде газ тарау, өрт шығу қаупі жоғары екенін атап өтті.
"Бұл ретте қолданыстағы мұнай құбырларындағы жөндеу жұмыстары аса мұқият болуды қажет етеді. Жұмысты қауіпсіз жүргізу үшін батыс және шығыс өңірлерден азоттық-компрессорлық станциялар, жылжымалы сорғы станциясы жұмылдырылды. Дәнекерленген түйістер тексерілген соң учаске толығымен қайта толтырылды. Осылайша, жоспарлы істердің жүйелі атқарылуы нәтижесінде "Павлодар-Шымкент" магистральдік құбыры мұнай тасымалдау кестесіне сәйкес іске қосылды. Мұнай құбырының ақауы бар учаскесін кесу жұмыстары кезінде барлық нормалар мен стандарттар сақталып, сәтті аяқталды. Біздің басты мақсат – мұнайдың апатсыз және үздіксіз тасымалын қамтамасыз ету",– деді Нұржан Күшжанов.