Өткен жылдың соңынан бастап Павлодар облысында коммуналдық қызметтердің ақысы тұрақты түрде өсіп келеді. Бұл жолы облыс орталығын сумен камтамасыз етіп отырған кәсіпорын тіршілік нәрінің бағасын арттыруды көздеп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Былтыр қыркүйек айында қарапайым тұтынушылар үшін электр энергиясы 25%-ға, тұрмыстық емес мақсатта қолданылатын электр энергиясы 20%-ға, заңды тұлғаларға 21%-ға қымбаттаған еді. Әлеуметтік маңызы бар тауарларды шығаратын өндіріс орындары да бұрынғыдан 20%-ға артық төлейтін болды. Жылу тарифі де өсті.
"Жылу энергиясының тарифі 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап өсті. Жылуды өлшейтін жалпыүйлік есептеуіш құралдары бар пәтер иелері үшін өсім 16%, басқа тұтынушылар 3,9%-ды құрады", - деп хабарлаған еді "Павлодарэнерго" АҚ.
Сол тұста су да қымбаттады. Есептеуіш құралдары бар пәтер иелері бір текше метр үшін 58 теңге, мұндай құралы жоқ тұрғындар 87 теңге төлеуге міндеттелді. Бюджеттік ұйымдар 677 теңге, басқа тұтынушылар 278 теңге өтеуге көшті. Жылдың соңына дейін осындай тарифтер қабылданды.
Енді "Павлодар-Водоканал" ЖШС су бағасын тағы өсіруді қалап отыр. Осыған байланысты өткен қоғамдық тыңдау барысында кәсіпорын директорының орынбасары Валерий Филяевтың айтуынша, қаладағы су құбырлары өткен ғасырдың 60-жылдары іске қосылған. Содан бері күрделі жөндеу көрмей, әьден тозған. Кейбір аумақтардағы желілердің ескіру көрсеткіші 100%-ға дейін жетеді. Сондықтан олардың бір бөлігін жөндеп, жаңарту үшін биыл кемінде 3 млрд теңге керек. Ал оны тарифті арттыру арқылы табудан басқа амал жоқ көрінеді.
"Жаңғырту жұмыстарына қомақты қаражат керек – бұл бір. Екіншіден, таяуда электр, жылу энергиясы қымбаттағаны белгілі. Соған байланысты біздің шығындарымыз да көбейе түсті. Су пайдалану үшін төленетін қазіргі ақы экономикалық шығындарды жаппайды. Тіпті, кәсіпорынның үздіксіз жұмыс істеуіне де оң әсерін бере алмай отыр. Егер баға көтерілетін болса, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік жасалуымен қатар, суды жеткізу және бұру жүйелерін жетілдіріп, дамытуға жағдай жасалады", - дейді Валерий Филяев.
Осылайша, монополист компания ауыз су бағасын 25%-ға, техникалық су тарифін 62%-ға өсіруді жоспарлап отыр. Десе де, кей тұрғындар мұндай өсіммен мүлде келіспейді.
"Коммуналдық қызмет ақылары үнемі көтеріледі. Бірақ одан сапа жақсарып жатқан жоқ. Кәсіпорын басшылығы тұтынушылардан түскен қаражаттың қандай мақсатта жұмсалып жатқаны туралы есеп бермейді. Судың бағасы онсыз да өткен жылдың соңында өсті. Қазір әр ай сайын орта есеппен 2-3 мың теңге төлеймін. Енді тағы көтеруді қалайды. Тарифті мұншалықты жиі арттырудың қандай қажеттілігі бар? Меніңше, монополист қалаған кезде қызмет ақысын көтере бермеуі керек", - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Александр Марченко.
Павлодар облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратовтың сөзінше, жаңа тариф әзірше бекітілген жоқ. Мамандар алдымен монополисттің ұсынысы қаншалықты қисынды екенін саралайды.
"Павлодар-Водоканал" кәсіпорнының өтінімі әлі де қаралып жатыр. Сараптама жұмыстары осы айдың соңына дейін жалғасады. Сондықтан қазір коммуналдық қызмет ақысының қаншаға өсетіні әзірше белгісіз. Бұл ретте монополист компания су бұру және сумен жабдықтау желілерінің тозуын азайтумен қатар, қызметкерлердің жалақысын арттыру қажеттілігін де алға тартып отыр. Сонымен қатар, кәсіпорынның балансына жаңа желілер берілген. Оларды күтіп-ұстау да кәсіпорынның мойнына жүктеледі. Бұл да – қосымша шығын", - дейді Нұрлан Нұрмұратов.
Енді айдың соңында шығатын қорытындыны күту керек. Сол кезде облыс орталығының тұтынушылары су үшін қанша төлейтіні белгілі болады.
Айта кетейік, "Павлодар-Водоканал" кәсіпорнының қарамағында бірінші және екінші көтерімдегі сорғы станциялары, қаланың су тазарту нысандары, 457 шақырым су, 345 шақырым кәріз желісі, 26 кәріз сорғы станциясы, 245 су құдығы бар. Монополист компания тәулігіне қалаға 60 мың текше метр ауыз су беріп, тіршілік көзімен қамтамасыз етеді.