Бұдан бөлек петицияға ЭЦҚ немесе смс арқылы да қол қою мүмкіндігі қарастырылған, деп жазады inbusiness.kz.
Тілшілер "Петицияға дауысты жасырын беруге бола ма?" деп сұрады.
"Сайт мемлекеттік порталда (базада) болады және дауыс берушінің верификациясы gov.kz-те ЭЦҚ арқылы немесе смс арқылы болады", - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет "AMANAT" партиясында өткен баспасөз конференциясында.
Оның сөзінше, дауыстың саны ғана көрсетіледі. Дауыс берген адамдардың тізімі болмайды.
"Бұдан басқа жазбаша нұсқа да қарастырылған. Депутаттар өзгерістер енгізді, оған сәйкес петицияға дәстүрлі түрде де қол қоюға болады. Кейбір ауылдарда ЭЦҚ арқылы қол қою мүмкіндігі жоқ. Әр дауыс беруші өзінің аты-жөнін жазады. Мұндай жағдайда анонимділік қарастырылмаған", - деп толықтырды депутат Еділ Жаңбыршин.
Петиция біріншіден арнайы ресурсқа орналастырылады. Ол үшін петицияға адам ұсыныс береді.
"Ол өзінің аты-жөнін, ЖСН, мекенжайын, көтеріп отырған мәселені көрсетеді. Сол ұсынысты бергеннен кейін оны өкілетті орган мұны қарастырады. Егер де тиісті талаптарға сай болса, тыйым салынған тақырыптар болмаса, рұқсат беріледі. Ол әрі қарай дауыс жинауға қатысу үшін 50 қол жинауы керек. Бұл сан жиналған соң петиция орналастырылады. Одан кейін 6 айдың ішінде дауыс жинауы керек", - деді Еділ Жаңбыршин.
Петицияларды қарастыру деңгейлері: 2,5 мың қол жиналса – аудандық деңгей, 5 мың дауыс – облыстық деңгей, ал 50 мың дауыс жиналған жағдайда мәселе республикалық деңгейде, яғни Үкіметте қаралады.
Қоғамдық бақылау 3 негізде жүзеге асырылады: қоғамдық талқылаулар, қоғамдық мониторинг және қоғамдық экспертиза. Әрқайсының рәсімделетін күндері, қарастырылатын мәселелері, шешімдер, қорытынды құжаттар заңмен реттеледі. Депутаттардың сөзінше, 3 Кодекс пен 10 заң жобасына өзгерістер енгізілген. Құжат жобасы 4 тараудан, 16 баптан тұрады.
Еске салайық, осыған дейін депутаттар "Қоғамдық бақылау туралы" заң жобасына қатысты түсінік бергенін жазған болатынбыз.