Полиция қызметкерінің үйінен 30-ға жуық киіктің еті мен мүйізі табылды

1654

Қазір тергеу жүріп жатыр.

Полиция қызметкерінің үйінен 30-ға жуық киіктің еті мен мүйізі табылды

Үйінің ауласынан 30-ға жуық киіктің еті мен мүйізі табылған полиция қызметкеріне қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды 24.kz.

Бұл жағдай Батыс Қазақстан облысында болды. "Охотзоопром" мекемесінің инспекторлары ен далада иесіз қалған көліктің келген ізімен жүріп, учаскелік полиция қызметкерінің үйін анықтаған. Сөйтіп, жайрап жатқан киіктердің үстінен түскен.

Бір айта кетерлігі, осындай қылмыстар кезінде тәркіленген киіктердің мүйізін жою жұмысында да күмәнді тұстар көп.

"Біз былтыр батыс Қазақстан облысында  қырылған киіктің мүйізін көптің көзінше  жою бойынша жұмыс жүргіздік. Арнайы комиссия құрып, қылмыс кезінде тәркіленген 411 мүйізді жоймақшы болдық. Бірақ жою жұмыстары кезінде бар болғаны 148 мүйіз ғана қалған. Қалғаны қайда кетті деген сұраққа полиция немесе басқа да құзырлы органдар жауап бере алмады",–дейді киіктерді қорғау жөніндегі жобаның үйлестірушісі Ренат Есқазыұлы.

Ал "киіктің мүйізін сатам" деп хабарландыру беретіндерді жауапкершілікке тарту мүмкін болмай тұр. Қоғамдық белсенділер құзырлы органдардан бұған заң жүзінде тыйым салуды сұрап отыр. Сосын браконьерлерді жазалайтын заңды да қатаңдату керек деп есептейді.

"Бүгінде ен далада киіктерді ататын браконьерлер сол баяғы адамдар. Ешкім сырттан келіп жатқан жоқ. Киіктер Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда облыстарына дейінгі аралықта жайылып жүреді. Оларды қырып салатын браконьерлер жөнінде бізде ақпарат бар. Тіпті олардан тәркіленген көліктер арада бірнеше уақыт өткеннен кейін қайтадан өздеріне қайтарып беру жайы да анықталды. Сондықтан заңды қатаңдату керек", – дейді ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу