Заңгерлік білімі бар, көп жылдар бойы бас прокурор қызметін атқарған көшбасшы несімен есте қалды? Inbusiness.kz оның қалай президент атанғанын анықтап көрді.
Ибрахим Раиси 1960 жылы 14 желтоқсанда Мешхедте діни қызметкердің отбасында дүниеге келді, бес жасында әкесінен айырылды. 1975 жылдан бастап ол шейіттерге арналған жетекші білім беру мекемелерінің бірі — Кум қаласындағы семинарияда оқыды. Оны аяқтағаннан кейін Раиси Тегерандағы Шахид Мотахари университетінде халықаралық жеке құқық бойынша білім алды.
Студенттік жылдары Ибрахим Раиси алдымен 1979 жылғы Ислам революциясына, кейіннен монархияның мүлдем жойылуына әкелген халықтық толқуларға белсенді қатысты.
Оның заңгерлік мансабы 80-ші жылдардан бастау алды. Қызметін Тегеран маңындағы сот кеңсесінде бастаған болашақ басшы көп ұзамай алдымен Кереджде, содан кейін Хамаданда прокурорлық лауазымға ие болды. 1985 жылы Раиси Тегеран прокурорының орынбасары болды, ал 88 жылы ол аятолл режиміне қарсы саяси тұтқындарды өлім жазасына кескен арнайы комитет құрамына қабылданды.
2004 жылы Раиси Жоғарғы Сот Төрағасының орынбасары болып тағайындалып, 2014 жылға, Иранның Бас прокуроры лауазымын иемденгенге дейін сол қызметті атқарды. 2016 жылы Раиси Иранның ең ірі "Астане Кодсе Разави" діни қорын басқарды. Ұйым Иран мен Ирактағы шейіттердің қасиетті орындарына баратын кедейлер мен қажыларға материалдық көмек көрсетумен айналысады.
2017 жылы ол Иранның Президенттігіне үміткер болды, бірақ сол кездегі басшы Хасан Роуханиден жеңіліп қалды. Алайда, 2021 жылғы келесі президенттік сайлауда Раиси консервативті топтардың қолдауына ие болып, жеңіске жетті. Ислам Республикасы тарихындағы дауыс бергендер саны бойынша ең төмен деп танылған сайлау науқанында Раиси 62% дауыс жинады. Сол жылы Раиси Time бойынша әлемдегі ең ықпалды 100 адамның рейтингіне енді.
Иран президенті ультра консервативті саяси қанатқа жататын. 2009 жылы Раиси үкіметке қарсы "Жасыл" қозғалысына қатысушыларға және президенттік сайлаудан кейін басталған наразылықтарға қарсы қатаң шаралар қолдануға рұқсат берді, адамдарды өлтіруге дейін барды. Сондай-ақ, Ибрахим Раиси Иранда қолданылатын исламдық гендерлік сегрегацияны бірнеше рет қолдады және елдің жоғары оқу орындарын исламдандыруды жақтады.
Иран президенті — Батыстың нағыз жауы, олармен қатаң қарым-қатынас орнатуға тырысқан басшы. Ол ЕО мен АҚШ-тың санкцияларын ел үшін пайдалы деп санады және олар экономиканың дамуына ықпал ететініне сенім артты. Алайда, Раиси 2018 жылы күшін жойған Иранның ядролық келісімін қалпына келтіруге қарсы болған жоқ.
Қазан айында Иран ХАМАС-ты ресми түрде қолдап, одақтастарды қосылуға шақырды. 2023 жылдың қыркүйегінде ол Ресей-Украина келіссөздерінде Иранның делдалдығын ұсынды.
Раиси Шахит Бехешти атындағы Тегеран университетінің доценті және ғылым мен техниканың іргелі зерттеулер институтының төрағасы Жәмилә Аламолходаға үйленді. Өткен жылдың жазында Иранның бірінші ханымы еркектермен тең дәрежеде жұмыс істеу мен оқу әйелдер үшін зорлық-зомбылық көрумен тең деген үлкен мәлімдемесімен елді шулатты. Ерлі-зайыптылардың екі қызы және екі немересі бар.
Сарапшылардың айтуынша, Раисидің өлімі халықтың емес, бірінші кезекте билік жүйесін алаңдататын жағдай. Иранның рухани көсемі Әли Хаменей қайғылы жағдай мемлекетті басқаруда кедергілер туындатпайтынын хабарлады.