Ресейліктер Қазақстаннан жаппай көлік сатып алып жатыр

786

Салынған санкциялардың салдарынан шетелдік автомобиль өндірушілердің Ресей аумағынан шығып кеткені белгілі. Содан бері ресейліктер Қазақстанға келіп, көлік саудасын қыздырып жүр. 

Ресейліктер Қазақстаннан жаппай көлік сатып алып жатыр

Мәселен, былтыр бір ғана Тюмень облысында Қазақстаннан жеткен шетелдік көліктер саны 56 есеге артқан.  Осы өңірге 2021-де біздің елден небәрі 12 көлік кіргізіліпті. Ал өткен жылы олардың саны 668 болған. 

Жыл басталысымен еліміздегі танымал корейлік брендтердің автокөліктері бірден 10 пайызға қымбаттады. Бағаның өзгеруін сарапшылар бірінші кезекте айлық есептік көрсеткіштің көтерілуімен байланыстырады. Себебі АЕК-тің өсуі утильдік алым мен кедендік тазарту құнына да өз әсерін тигізетіні мәлім. Көршілердің елімізге келіп көлік саудасын қыздыруын да баға құбылуындағы басты факторлардың біріне жатқызады сарапшы Абзал Дәулетов. Оның айтуынша, ресейліктердің біздің нарықтан автокөлік алып жатқанын жасырудың еш қажеті жоқ. 

"Енді біздің нарыққа қалай әсер етеді? Біріншіден біздің нарықта өзіміздің жаңа көліктер халыққа жетіспейтін болады. Ресей нарығы импорттық еуропалық, корейлік, япондық көліктермен толықтай қамтамасыз етілмесе әрине олар біз арқылы паралельді импортпен алатын болады", дейді сарапшы Абзал Дәулетов.

Сарапшының сөзінше, соңғы уақытта рубльдің әлсіреуі ресейліктердің сұранысын біршама бәсеңдеткен. Бірақ батыстан жеткен түрлі санкциялар оларға біздің нарыққа қарап телміруден басқа шара қалдырмады дейді.  

"Біздегі қазіргі таңдағы автосалондар бірден ресейге сата алмайды. Тексерістер жүргізілсе ол да санкцияға түсіп қалуы мүмкін. Бірақ оның бәрі олай жасалып жатқан жоқ. Осы жақта көмектесіп жүрген өзіміздің қазақ азаматтары өзінің атына автокөлікті алып, Цон арқылы шешіп автоны Ресей азаматына жібереді", дейді сарапшы Абзал Дәулетов.  

"Менің ойымша біз бұл жағдайда ешқандай кедергі келтіре алмаймыз. Бұл коммерциялық үрдіс. Өткен жылдың көктемінен яғни шетелдік автоөндірушілердің Ресейден кетуімен көршілеріміз біздің автосалондардан жаппай көлік сатып алуға көшті. Салдарынан елдегі көлік алу кезегі ұзарды. Қазір бізде шамамен жаңа автокөлік үшін 6 ай кезек күтесіз. Топ моделдер үшін 4 жылға дейін созылады", дейді сарапшы Алексей Алексеев.

Спикердің сөзінше қазір Ресейдегі көлік дефициті миллионға жетіп жығылады. Ал біздің елде былтыр шамамен 102-106 мың аралығында машина құрастырылды,- дейді Алексей Алексеев. Сондықтан Ресей тек біздің нарыққа иек артып отыра алмайды. Қазақстандық Автобизнес Қауымдастығы болса 2022 жылдың 11 айында елімізде 110 мыңға жуық көлік сатылды деп отыр. 

"Қазақстандық автобизнес қауымдастығының мәліметтері бойынша, 2022 жылдың қараша айында Қазақстанда 11 402 жеңіл автомобиль және жеңіл коммерциялық техника, сондай-ақ 844 бірлік жүк көлігі мен автобус сатылды. Өткен жылдың қарашасымен салыстырғанда өсім 22,2%. Жылдық мәнде 11 айдың нәтижесі өткен жылдың көрсеткіштерінен 2,9%  ға артық", деп мәлімдеді Қазақстандық автобизнес қауымдастығының баспасөз қызметі.

Ел нарығында ең көп саудаланатын көліктер көшін Шевроле бастаса, екінші сатыға Хюнде жайғасқан. Киа үздіктер үштігін түйіндейді Айта кетерлігі Хюнденің ең көп сатылымы Туксон маркасында болған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу