Жақында Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің Ashyq-та "көк" мәртебесі бар қазақстандықтар үшін шектеулерді алып тастау туралы қаулыға қол қойғаны белгілі. Рустам Жүрсіновтің айтуынша, бұған дейін дәл осы шектеулерге қатысты кәсіпкерлер тарапынан көптеген өтініш түскен.
"Екі апта бұрын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Л. Тоғжановқа "көк" мәртебесі бар келушілерге қатысты жұмыс істеп тұрған бизнес объектілері үшін қызметті шектеу жөніндегі карантиндік шаралардың шарттарын қайта қарауды сұрап хат жолдаған едім. Маған СОО иелері мен жалға алушыларынан бизнес үшін жағдайды жеңілдетуге, атап айтқанда, Ashyq-та "көк" мәртебесі бар келушілерге қызмет көрсетуге қатысты мәселені шешуге көмек көрсету туралы көптеген өтініш түсті, өтініштер әлі де түсіп жатыр. СОО-да көптеген қәсіпкерлер қызмет атқарады, ондағы кәсіпкерлер тек саудамен ғана емес, өзге қызмет түрімен де айналысады. Қазір олардың табысы төмендеген, бұл олардың бизнесіне ғана емес, жалпы еліміздің экономикасына да кері әсерін тигізді", – деп жазды Жүрсінов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сөзіне сүйенсек, "Ashyq" жобасы бойынша жүргізілген талдау нәтижелері келушілердің 23%-ға жуығы "көк" мәртебеге ие екенін көрсеткен. Тиісінше, СОО-ға келушілер саны 20%-ға қысқарған. Ал ҚР Бас санитарлық дәрігердің 2022 жылғы 13 қаңтардағы №1 қаулысына сәйкес СОО-ға және басқа да объектілерге тек "жасыл" мәртебесі бар адамдар ғана кіре алды.
"Бұл мәселеге қатысты тұрғындар да наразылық танытуда, өйткені "көк" мәртебесі бар адамдар ауырмайды және басқаларға қауіпті емес. Сондықтан олардың қоғамдық орындарға баруын шектеу СОО жалға алушыларының кірістерінің едәуір көлемін (50% және одан көп) жоғалтуға және олардың қызметінің шығындылығына, салық төлеу және қызметкерлерге жалақы төлеу проблемаларына әкеледі. Бүгінгі таңда іс жүзінде банкроттық сатысында тұрған бизнес мұндай шешімнің салдарларына төтеп бере алмайды және мұны ШОБ қатты сынға алуда, карантиндік шаралар әрі қарай да сақталатын болса ШОБ тарапынан мемлекетке деген сенімсіздік артады. Қазіргі уақытта кейбір шет елдер міндетті талаптарды алып тастап, оларды ұсынымдық талаптарға ауыстыруда, COVID эндемиялық ауруға айналғандықтан вакцинациядан өту қажеттілігіне назар аударады", – деп жазды уәкіл.