Сайлау заңнамаларын бұзғандар да бар

850

Сайлау өткізудің белгіленген бір тәртібі бар. Кез келген адам осы заңдылықтарға бағынуға тиіс. Бірақ кешелі-бүгін сайлау заңнамаларын бұзған оқиғалар да кездескен. 

Сайлау заңнамаларын бұзғандар да бар

"Сайлау туралы" заң бойынша сайлау және тыныштық күні үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге болмайды. Соған қарамастан 9 қаңтар күні Б. деген азамат Алматы қаласында "Ақ жол" партиясын қолдау үшін анонимдік үгіттеу материалдарын таратумен айналысқан. Аталған дерек бойынша Алматы қаласының прокуратурасы оны қысқартылған өндіріс тәртібінде, яғни кінәсін мойындауына байланысты материалдарды сотқа жолдамай, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодекстің 102-інші және 113-баптары бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде  айыппұл салу түрінде жауапкершілікке тартты", – дейді ҚР Прокурорының аға көмекшісі Азамат Сарғазин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бұдан өзге, 9 қаңтар күні прокуратура органдарына тағы екі өтініш келіп түскен. Оның біреуі Бас прокуратураға жолданған. Онда Алматы қаласының тұрғыны дауыс беру кабиналарында перделердің болмауына байланысты  дауыс беру құпиясы бұзылып отырғанын жазған. Азамат Сарғазиннің айтуынша, бұл шағым Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясына жіберілген.

Ал Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық прокуратурасына жолданған екінші шағым

"Қазақстанның халық партиясының" мүшесінен келіп түскен. Онда ол өзінің партиялық тізімге енбей қалғанына келіспейтінін жазған. "Прокуратура қызметкерлері бұл азаматқа партияның шешімі ішкі актілерімен реттелетінін айта келіп, осыған байланысты сотқа жұгінуге құқы барын түсіндірді", – дейді А.Сарғазин.

Қымбат Нұрғали
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу