Парламент Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин жаңа Салық кодексі жобасындағы жаңалықтарды айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұлттық экономика министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Азамат Әмрин өз сөзінде жаңа Салық кодексінде әкімшілендірудің сервистік моделі енгізілетінін атап өтті. Салық төлеушіні тіркеу жеңілдетіледі. Салық есептілігі қысқартылады. Бақылау цифрландырылады.
Оның айтуынша, өндіріске пайданы қайта инвестициялау үшін кешенді тәсілдер әзірленген. Арнайы салық режимдері оңтайландырылып, бизнесті бөлшектеу тәуекелдерін азайту шаралары қабылданды.
Корпоративтік табыс салығының сараланған мөлшерлемесін енгізу ұсынылуда. Бұл ретте 20%-дық базалық мөлшерлеме сақталады. Банк секторы мен ойын бизнесінде мөлшерлемені 25% деңгейінде, өңдеу өнеркәсібі, қаржы лизингі және әлеуметтік салада 10%-ға дейін төмендету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 3% деңгейінде сақтау ұсынылады.
Инвестицияларды ынталандыру үшін ғимараттарды, құрылыстарды, машиналарды, жабдықтарды, бағдарламалық қамтамасыз етуді оның функционалдық мақсатына байланыстырмай сатып алуға/салуға арналған шығындарды біржолғы 100% шегеру түрінде салықтық жеңілдіктер көзделеді.
Сондай-ақ, БЖЗҚ-дағы азаматтардың зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босату жоспарлануда.
"Сән-салтанат" заттарына салық салуға келсек, қымбат мүлікке жоғары салық ставкалары, қымбат жеңіл автомобильдерге, алкоголь мен темекі өнімдеріне, сондай-ақ теңіз кемелері мен ұшу аппараттарына қосымша акциздер ұсынылады. Барлық жеке тұлғалар үшін көлік салығының ставкаларын төмендету ұсынылады: егер машинаның қызмет ету мерзімі 10 жылдан асса, онда ставка 30%-ға, ал 20 жылдан асса 50%-ға төмендетіледі", – деп атап өтті вице-министр.
Бұдан бөлек, құжатта тиімсіз пайдаланылған жерлерге жер салығын базалық мөлшерлемеден 40 есе мөлшерде қосымша енгізу көзделеді.