Саран қаласына қарасты 3-ықшам ауданындағы 13-үйде жарықшақ пайда болды. Жарықшақ пайда болған көп қабатты үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріледі.
Саран қаласына қарасты РТИ ықшам ауданында босап қалған үйлер көп. 3-ықшам ауданындағы бес қабатты 13-үйдің тек 15 пәтерінде ғана тұрғындар орналасқан. Бір кіреберіске шоғырланған тұрғындар ортақ қазандық орнатып, өз күндерін өзі көруде.
"Алғашқы дүмпуді өткен жылдың күзінде сезіндік. Одан бері үй үш рет шайқалды. Қабырғада жарықшақ пайда болды. Соңғы рет қаңтардың 10-11 күндері сезілді", –дейді үйдің тұрғындары.
Жарықшақ лоджияда және көршілес 12-үймен қосылған жерде пайда болған. Сондай ақ, жарықшақ жылыту қазандығы орналасқан жертөле жақтан да білінген. Тұрғындар Шаханда болған төтенше жағдай қайталана ма деп қауіптенеді.
Үйдің апатты жағдайда екендігі туралы тұрғындар жергілікті әкімдікке бірнеше рет хабарлаған.
"Тұрғындаурдың қаупін сейілту үшін сараптама тағайындаймыз. Сарапшылар үйді тексерістен өткізген соң барып, бір шешімге келеміз", – дейді Саран қаласының әкімі Анатолий Шкарупа.
14 қаңтары күні Саран қаласы әкімінің орынбасары тұрғындармен кездесіп, құзіретті органдардың алдағы іс-шаралары туралы түсіндірді. Жарықшақтың себебі мен үйде тұрудың қауіпсіздігін анықтау мақсатында тұрғындарға басқа жерге көшуге ұсыныс жасалды.
"Жиын барысында тұрғындарға үйдің қабырғасындағы жарықшақтардың пайда болуы себептерін анықтайтын арнайы ұйымдардың зерттеу қорытындысы жарияланғанға дейін, қайғылы оқиғаның алдын алу мақсатында қауіпсіз жерге көшудің қажеттілігі түсіндірілді. Қоныс аудару мәселесінде тұрғындарға РТИ ықшамауданындағы №7 мектеп-интернатына, туыстарының үйіне уақытша көшу ұсынылды. Көшкісі келмейтін азаматтарға қоныс аударудан өз еріктерімен бас тарту туралы қолхат жазып тапсыру керек екендіктері жеткізілді", – деп мәлімдеді Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Әлеуметтік қорғау қызметкерлері әр пәтерді аралап, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын және алдағы уақытта оларға жаңа қоныс тауып беру мәселесін шешу үшін халықтың санын анықтау жұмыстарын жүргізуде.
Қаланың білім беру бөлімі тұрғындырды қоныстандыру ісіне кірісіп кетті.
Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тұрғындардың пәтерлерін күзету, мүліктердің жоғалуының алдын алу мәселесімен шұғылдануда.
"ТКШ қызметкерлері үйдегі жарықшақ бойынша мониторинг жасау мақсатында арнайы маяктардың көмегімен бақылау жүргізуде. Қазіргі уақытта мамандар күндіз екі мәрте, түнгі уақытта үш мәрте бақылап отыр", -– деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Саран қаласынан 40 минуттық жерде орналасқан РТИ құлаған үй, босап қалған пәтерлерімен танымал. Зауыт жұмыс істеп тұрған кезде мұнда 9000 астам адам нәпақасын тапқан болатын. 1994 жылы Резина-техникалық өнімдер зауыты жабылған соң, тұрғындар жаппай көрші елдімекендерге жөңкіле көшті. Нәтижесінде РТИ-да зейнеткерлер мен әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар қалды. Ықшам ауданда қазір жалғыз мектеп бар, онда көрші елдімекендердің оқушылары келіп білім алады.
2010 жылы иесіз қалған қалашыққа жан бітіп, 500 адамдық психоневрологиялық диспансер салынды. Мектептің маңына орналасқан диспансер кент тұрғындарының көңілін күпті етпесе үміт сыйлаған жоқ.
Бүгінде РТИ-ді пейнтболдың астанасы деуге болады. Елдің түпкір-түпкірінен мұнда командалық жарыстар өткізуге келеді. Кент пейнтбол ойнауға таптырмайтын орын. Қираған көп қабатты үйлер, бос қалған алаңқайлар, үйіндіге айналған мектептер мен балабақшалар, бей-берекет өсіп кеткен ағаштар. Жүзден аса тұрғын үйі бар ықшам аудандағы үйлердің басым бөлігі иесіз.