Әрі тазыны ауылдық деңгейде асырау азайған. Бүгін Мәжіліс депутаттары да бұл мәселенің мән-жайына үңілді. Заң жобасы Сенат қарауына жіберілді.
Бауыржан Ешметов 75-тегі қария. Әулеті құмай тазыны 5 ұрпақ бойы жүгіртіп келеді. Қазір 20 жастағы немерелері тазы байлап, аңға шығып жүр. Бірақ қымбатшылық қысып, қым-қуыт тіршілікте әулет тірлігін ұрпағы жалғамай кете ме деп қорқады.
Көнегөз қарияның сөзінше, қазір ауылдың өзінде тазы жүгірту сиреген. Мәселен өткен сайыста тұтас ауданнан небәрі 20-сы ғана шығыпты. Асылтұқымды итті атып жіберетіндерді де көз шалып жүр дейді. Енді іске селқос қарамай, субсидия қаралса деген үмітте.
"Осы бастап қолға алып, қараса, жәрдем берсе әрі қарай дамып кетеді ғой бұл. Көңіл бөлмесе тазыны да бүркітті де қояды", дейді саятшы Бауыржан Ешметов.
Тазы мен төбетті байлау тұнып тұрған өнер. Мінезді мақұлық жәй жуындыны жемейді. Алғыр келеді. Жүгірмесе, жүрегін май басады. Қазақ мұны ықылым кезден меңгерген. Ақсақал тілегі - сол дала заңы үзілмесе дейді.
Қазақы ит тұқымын санауда нақты статистика жоқ. Болжамға сай, елде 3 мыңға жуық бас бар. Мәжіліс депутаттары бүгін мәселені зерделеп көрді.
"Заң жобаның нормасын іске асыру үшін 1,4 млрд тг қажет болады. Заң жобасын қабылдау теріс құқықтық және әлеуметтік экономикалық салдарға әкеп соқпайды", дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжанов.
Енді тазы мен төбетті сақтау, көбейту үшін ұлттық орталық ашылады. Тұқым тазалығын сақтаушылар, ғалымдар осы ортадан табылмақ. Орталық міндеті - қазақы ит тұқымдарын ұлттық код ретінде сақтап қалу.
Нұрлан Асқар