"Семей Водоканал" қызметкерлері компания қызметін тексеруді талап етеді

864

Коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері "Семей Водоканал" басшылығын күдікті әрекеттер жасады деп айыптайды.

"Семей Водоканал" қызметкерлері компания қызметін тексеруді талап етеді

Кәсіпорын қызметкерлері Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Құсайын Игембаевқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Ерлан Жалмағанбетке, мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатовқа, облыстық ішкі аудит департаментінің басшысы Серік Мамаевқа ұжымдық хат жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Олардың айтуынша, кәсіпорында қызметкерлер мен кәсіпорын басшылығы арасындағы құқықтық қатынастар шиеленісіп кеткен. Қызметкерлер өздерінің еңбек және конституциялық құқықтары бұзылған және кәсіпорында "күдікті әрекеттер" жүзеге асырылады деп санайды. Олар өздерін кедейлік шегінен төмен тұратын адамдар қатарына жатқызып, жалақыларының өте төмендігіне шағымданды.

"Біз аптасына еңбек заңнамасынада қарастырылған 40 сағаттан көп жұмыс істейміз. Үстеме жұмыстар мен мереке және демалыс күндеріндегі жұмыстың ақысы төленбейді. Қарапайым еңбек жағдайлары жасалмаған. Біз жиналысты кәсіпорынның фойесінде өткізуге мәжбүрміз. Бұған дейін  жол жүру ақысы берілетін. Бірақ жақында жаңа автобус паркі пайда болып, бізді осы жеңілдіктен айырды. Ал біз жұмыс барысымен күніне қаншама шақырым жол жүреміз.  Сантехниктер жетіспейді. Осыған байланысты көптеген жұмысшылар нормадан артық жұмыс істейді. Директор Е.Сағындықов тарифтер екі есеге көтерілсе де, кәсіпорын тұрақты шығынға ұшырап келеді деп отыр. Мансабымыз өспейді. Жылдар бойы тек бірнеше адамның ғана қызметі жоғарылады. Олардың басым көпшілігі директордың туыстары екені де айтылып жүр. Осыған байланысты сіздерден басшылық тарапынан еңбек заңнамасын сақтау, сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылықтар, қаржылық және өзге де манипуляциялар фактілері бойынша кәсіпорын қызметін жан-жақты тексеруді сұраймыз", - деп жазады коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері.

Қызметкерлер кедейліктің шегіне жеткен.

"Семей-Водоканал" КМК абоненттік бөлімінің бақылаушы-кассирі Назгүл Балтабекова inbusiness.kz-ке олардың жалақысы 53 200 теңге екенін, ал тиісті алымдардан кейін қолға 49-50 мың теңге ғана тиетінін айтып берді.

"Оған қоса жол жүру ақысына 6 мың теңге төленеді. Оның өзінде бәріне бірдей емес. Қызметкерлердің ауырған, еңбек демалысында болған күндерін алып тастайды. Ал, жолға шамамен 9 мың теңге кетеді. Мысалы, мен қазір жаяу жүруге мәжбүрмін. Адамдар бұл жұмыстың өзінен айырылып қалудан қорқып, осындай шарттарға көніп келеді. Барлығы 60-тан астам бақылаушы-кассир, оператор мен диспетчер жұмыс істейді. 2019 жылға дейін жиналыстар акт залында өтіп жүрген. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бізді сол жерден қуып шығарды. Соданг бері біз жиналыста фойеде, дәретхананың жанында тұрамыз. Заңгерлер қоймада отырады", - дейді Назгүл Балтабекова.

"Бақылаушылар жетіспейді, көптеген адамдар мұндай жалақыға жұмыс істегісі келмейді", - деп сөзін жалғады ол.

Сондай-ақ, кәсіпорында қызмет сатысымен көтерілу мүмкіндігі жоқ екенін айтты. Назгүл Балтабекованың айтуынша, 10 жылдық еңбек өтілі мен жоғары білімді бола тұра ол әлі күнге бақылаушы-кассир болып жұмыс істейді.

"Басшылық жалақыны көтеруден бас тартты. Кіріс жоқ, су шығыны көп дейді. Бұл өтірік. Он жыл бұрын үлкен дебиторлық берешек болғаны рас. Ал қазір халықтың басым бөлігі ай сайын кешіктірмей төлейді, тіпті кейбіреулері артық төлем жасайды. Құзыретті органдар осының бәрін тексереді деп үміттенеміз", – деп атап өтті ол.

Қазір құқық қорғаушы Руслан Кибке олардың мүдделерін қорғауға кірісті.

"Жақында ғана маған "Семей-Водоканал" МКК қызметкерлерінің бастамашыл тобы өздерінің еңбек құқықтарына қатысты түсініктеме сұрап, сондай-ақ кәсіпорынның одан әрі жұмыс істеуі мәселесі бойынша келді. Менің түсінуімше, олар басшылықпен келіспей қалған. Мен оларға ашуға берілмей, еңбек қақтығысын заң аясында шешуді ұсындым. Бүгін кәсіпорын қызметіне немқұрайлы қарамайтын қызметкерлердің қолын жинап, құзыретті органдарға ашық хат дайындадық. Құзыретті органдар қалыптасқан еңбек дағдарысын, кәсіпорынның жұмыс істеуінің басқа да мәселелерін шешеді және әділеттілік жеңеді деп үміттенеміз",- деп мәлімдеді inbusiness.kz-ке Руслан Кибке.

Өтінішке барлығы 30 адам қол қойған. Қол жинау жалғасуда. Кәсіпорын қызметкерлері талап етуді одан әрі жалғастыруға ниетті. Ақордаға жазып, тіпті наразылық шараларын ұйымдастыруға да бармақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу