Сенат "2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асырған кезде қаржылай жәрдем көрсету бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Хаттамаға сәйкес Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясының Кеңесі Одақ бюджетінің қаражаты есебінен қаржылық жәрдем көрсету туралы шешім қабылдай алады. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бюджеттеріне Одақ бюджеті бекітілген жылдың алдындағы қаржы жылындағы арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарынан түсетін түсімдердің жалпы сомасының 10%-ы қаржыландыру көзі болады. Бір жобаға арналған субсидияның ең жоғары көлемі жылына 1,8 млрд теңгені құрайтын болады, тиісінше 5 жылда – 9,4 млрд теңгені құрайды", - деді сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтов.
Қаралып отырған заң жаңа өндірістер құруға, өндірістік қуаттарды ұлғайтуға, өндірісті жаңғыртуға, өзара сауда мен инвестициялар көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, үшінші елдерге өнім экспортын ұлғайтуға бағытталған.
"Қаржылық қолдау Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы институттары (екінші деңгейлі банктер және даму институттары) арқылы көзделетін болады, қаржы ұйымдарының тізбесін 2023 жылғы желтоқсанда Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі айқындаған. Қазақстаннан тізбеге 15 қаржы ұйымы, оның ішінде 11 екінші деңгейдегі банктер мен "Бәйтерек" холдингінің 4 еншілес компаниясы енгізілген. Сонымен қатар, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіптің әлеуетті бағыттарына талдау жүргізіп, оның қорытындысы бойынша бірлескен кооперация үшін мынадай перспективалық бағыттар айқындалды: химия, металлургия және машина жасау өнеркәсібі, олар бойынша бүгінгі күні жалпы сомасы шамамен 1,6 млрд долларға қажеттілігі бар екендігі айқындалды.
Бұл ретте, біз отандық өндірушілерге қатысты шектеу шараларын (санкцияларды) енгізу тәуекелдеріне жол бермеуді ескере отырып, өндірісті Қазақстан аумағында оқшаулауға мүдделіміз", - деді қосымша баяндама жасаған сенатор Әлібек Нәутиев.
Айта кету керек, осыған дейін ЕАЭО елдері өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды кеңейтетінін жазған болатынбыз. Мәжіліс тиісті хаттаманы ратификациялаған болатын.