Сенат жанынан Жас сарапшылар клубы құрылды

670

Сенат Төрағасы іс-шараға қатысушыларға Президент Жолдауын іске асыруға қатысты еліміздің алдында тұрған басты міндеттерді, сондай-ақ Сенат пен сарапшылар қауымдастығы арасындағы ынтымақтастықтың өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін талқылауды ұсынды.  

Сенат жанынан Жас сарапшылар клубы құрылды

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев палата жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды Палатаның баспасөз қызметі.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде мемлекетіміз бен қоғамымыздың қазіргі кезеңдегі дамуын айқындайтын үрдістерге талдау жасады.

"Сенаттың алдында тұрған негізгі міндет – Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген барлық басымдықтарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету. Осы жұмыс барысында бізге қоғамдық ұйымдар мен әртүрлі сала мамандарының пікірін тыңдау, оларды ескеру маңызды. Сондықтан бүгін Сенат жанынан Жас сарапшылар клубын құруды ұсынамыз. Сіздердің білімдеріңіз, күш-қуаттарыңыз және тәжірибелеріңіз Қазақстанды өзгертуге және Президентіміздің реформаларын іске асыруға тың серпін береді деп сенемін", – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының жаңғырту бағдары мен Жолдауын жүзеге асыру кезінде басшылыққа алатын қағидаларды атап өтті. Біріншісі – жүйелілік қағидасы.

"Қазір ел дамуының басқа бағыттарын ескерусіз қалдырып, бір саланы ғана реформалауға болмайды. Мысалы, саяси реформаларсыз экономикалық даму болмайды. Мемлекеттік басқару жүйесінде реформа жүргізбесе экономикада елеулі өзгерістер бола қоймайды. Өз кезегінде мемлекеттік басқарудағы ілгерілеу білім сапасына тікелей байланысты", – деді Мәулен Әшімбаев.

Екіншісі – стандартты емес шешімдер қағидасы.

"Бүгінгі әлем тым күрделі және тез өзгеруде. Ол бұрынғы қабылдаулар мен жүйелеуге сай келмейді. Сондықтан мемлекет пен қоғамға проблемаларды шешудің стандартты емес тәсілдері қажет", – деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Үшіншісі – мәселенің мән-маңызына зер салу.

"Қазіргі шындыққа сәйкес келе бермейтін ақпараттар және қоғамдық сананы манипуляциялау дәуірінде сыртқы көріністерге емес, ішкі мазмұнға назар аудара отырып, құбылыстар мен процестердің мәнін түсіну қажет", – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесу барысында Клуб мүшелері Президенттің "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Жолдауын іске асыруға қатысты өз ойларын айтты.

Пікірталасқа қатысушылар мемлекет пен қоғамды одан әрі жаңғырту үшін заңнамалық қызметте жас салалық сарапшылардың әлеуетін пайдаланудың маңызы зор екенін атап өтті.

Жас сарапшылар клубының құрамында мемлекеттік басқару, экономика, қаржы, әлеуметтік қолдау, сот-құқықтық реформа, білім беру, денсаулық сақтау және цифрландыру салалары бойынша 30-дан астам маман бар. Клубтың алдағы отырыстары өзекті қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу