Астанадағы камералар бір-екі жыл бұрын көліктің арқасын түсіре бастаған, осы көктемде Алматыдағы камералар да артқы нөмірді көре алатын болды.
"Сергек" автомобильдің артқы нөмірін полицейлер сұраған соң анықтай бастады. Камерадағы бұл қызмет мотоцикл мінгендерді қадағалау үшін қосылды. Бейнетіркеуіштер тек мотоцикл ғана емес, басқа көліктердің де нөмірін көреді. Бірақ қырағы камералардың нақты саны мен қайда тұрғанын тәртіп сақшылары да, "Көркем Телеком" компаниясы да айтпады. Себебі олар жүргізушілердің бір көшеде тәртіп сақтап, екіншісіне шыға бере жүйткігенін қаламайды.
1 мамыр мен 31 шілде аралығында "Сергек" камералары Нұр-Сұлтанда ереже бұзған 283, ал Алматыда 364 мотоциклшіні анықтады. Алматыда 14 адам бейнетіркеуіштің көзіне бес реттен көп түсіпті. Тәжірибе көрсеткендей 80% жағдайда қос дөңгелекті көлік иелері жылдамдықты шектен тыс асырады.
Олжас Оқас