Серік Жұманғарин жаңа агенттіктің жұмыс стилін таныстырды

778

Бәскелестікті дамытудың ұлттық жобасы әзірленіп жатыр.  

Серік Жұманғарин жаңа агенттіктің жұмыс стилін таныстырды

Президент пәрменімен жаңадан құрылған Бәскелестікті қорғау және дамыту агенттігі энергетика саласындағы бизнес өкілдерімен Open Space форматында кездесу өткізді. Бейнеконференция түрінде өткен шарада агенттік төрағасы Серік Жұманғарин өзі басқаратын ұжымның жұмыс стилін қысқаша сипаттап өтті.

"Біздің алдымызда үміт тұзағы тұр. Агенттік жаңадан құрылып жатқандықтан, осы идеяны ұсынғандар мен қоғам тарабынан  үлкен өзгерістер күтілуі мүмкін. Сол үміттерді тезірек ақтау үшін асығып, революциялық әрекеттерге ұмтылсақ, қарсы әрекеттерге тап болуымыз ғажап емес. Біздің экономикада негізгі қуат көздері толықтай монополияланған.  Air Astana, "Богатырь", "Атырау мұнай-газ зауыты", "Қазақтелеком" сияқты кәсіпорындарды тексеріп жатқанымызды көріп, біздің қызметімізді шулы тергеулермен, атышулы жазалаулармен байланыстырып жүр", – деген агенттік басшысы ең әуелі басымдық жүйелі жұмысқа берілетінін айтты.

Серік Жұманғарин бәсекелі ортаны дамыту бірді-екілі атышулы іспен орнай салмайтынын айта келіп, заңнамалық негізді қалыптастырып алмай, жүйелі жұмыс болмайды деген пікір ұсынды.

"Қазіргі жүйеде монополияға қарсы шаралар шашыраңқы әсер беруде. Біз көбінесе экономикалық шығын келгеннен кейін ғана қимылдауға мәжбүрміз. Оның өзі  сотқа жеткенде "стоп" деген белгі келеді де, жылдар бойғы жұмыс далаға кетеді. Уақыт жоғалтамыз. Солай болмас үшін біз бәсекелі ортаны там-тұмдап қалыптастырамыз. Дамыған елдерде үлкен істер жылдар бойы қаралады. Оларда мұндай істердің анық-қанығына жету үшін заңнамалық негізде уақыт пен мүмкіндік берілген. Бізде де солай болуы керек", - деген агенттік басшысы жаңа құрылым барынша ашық жұмыс істейтініне сендірді.

"Қазір еліміз мемлекеттік жоспарлауды жоба түрінде енгізіп жатыр. Біз де бәсекелі ортаны қалыптастырудың ұлттық жобасын ұсындық. Ол жобаға барлық салалық министрліктер, өңірлер, ірі квазимемлекеттік құрылымдар, тіпті, қаласа, көш басындағы жеке құрылымдар да қатыса алады. Әр бағыт бойынша қосымша жұмыс топтарын құрдық. Ол топтың жұмысы апта сайын қорытындыланып отырады. Топ ішіндегі талқылаулар аясында барлық ақауларды анықтап отырамыз. Кейін бұл ақауларды сипаттап, цифрландырамыз. Осыдан кейін  барып ақауды реттеудің мақсаты мен мінетін айқындаймыз. Жұмыс жүйелі болуы үшін маған есептілік қажет. Заң бойынша құрылуы тиіс қоғамдық кеңестен бөлек  биржалық комитет жұмыс істейтін болады. Ең бастысы біз кедергілер жөнінде кеңес құрамыз.  Нарыққа кіруге тосқауыл болатын кедергілерді осы кеңес аясында талқылаймыз.  Open Space түріндегі қоғамдық алаңдарды жүйелендіреміз. Өз ішімізде талқылап алғаннан кейін Үкімет пен Прездент әкімшілігі деңгейінде көтереміз. Мұндағы жұмыстың көбі заңнамалық бағытта жүреді. Құқықтық-нормативтік актілермен мұқят айналысамыз",  деді Серік Жұманғарин.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу