Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы мен ерте пісетін көкөністерді жеткізу мәселелері талқыланды.
ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың мәліметінше, өткен аптада ӘМАТ бағасының индексі 0,4%-ды құрады. Сиыр еті мен көкөніс бағасының өскені байқалған, ал күріш пен жұмыртқа 0,3%-ға, макарон өнімдері мен қарақұмық 0,1%-ға арзандаған.
— Сиыр еті бағасы жыл басынан бері 11,9%-ға өсті. Бағаның өсуін шектеу үшін ірі қара малды елден әкетуге үш ай мерзімге уақытша тыйым салынды, — делінген ведомство хабарламасында.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2025 жылғы 28 сәуірге дейін 25,6 мың тонна ерте пісетін көкөніс жеткізуге келісімшарттар жасалды. Оның ішінде:
-
картоп — 11,1 мың тонна,
-
сәбіз — 4,7 мың тонна,
-
пияз — 4,3 мың тонна,
-
қырыққабат — 5,4 мың тонна.
Биылғы маусымда ерте пісетін көкөністің негізгі көлемі Түркістан облысында жиналады деп күтілуде. Болжам бойынша:
-
картоп — 216,6 мың тонна,
-
сәбіз — 41,5 мың тонна,
-
пияз — 87,5 мың тонна,
-
қырыққабат — 228,9 мың тонна өнім алынады.
Қазірдің өзінде Түркістан облысында 17,5 мың тонна қырыққабат жиналып, оның 1,3 мың тоннасы экспортталды.
Сондай-ақ Жетісу, Алматы және Қызылорда облыстарында форвардтық келісімшарттар арқылы ерте пісетін қырыққабат жеткізу басталған. Ішкі нарықты толықтыру үшін жыл басынан бері 80 мың тонна картоп пен 30 мың тонна қырыққабат импортталды.
Жиында тасымалдау кезіндегі бағалардың өзгерісі де қаралды. Шекарада өнімдердің кідірісін болдырмау мақсатында маусым айының соңына дейін ерте пісетін көкөністер үшін арнайы "жасыл дәліз" ашу туралы шешім қабылданды.
Бұл шара өнімді тез жеткізіп, логистикалық шығындарды азайтып, ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді.