Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"СТ-KZ" және индустриялық сертификаттар бастапқыда отандық өндірушілерді нақты қолдау үшін құрылды. Олардың негізінде мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде преференциялар беріледі, жеңілдіктер мен субсидиялар алуға мүмкіндік жасалады. Алайда, практика көрсетіп отырғандай, қазіргі сертификаттау жүйесі оның сенімділігіне нұқсан келтіретін елеулі бұзушылықтар мен кемшіліктерге тап болуда. Жалған өндірістерді тіркеу жағдайлары кездеседі. Мысалы, Атырауда "Исатай мен Махамбет" ескерткішінің орналасқан жеріне өндіріс бар деп сертификат берілген. Талдықорғанда сертификат алған субсент өндіріс орнының мекенжайы ретінде монша кешені көрсетілген. Деректерді асыра сілтеу және бұрмалау жағдайлары бар. Сондай-ақ, Қазақстанда жасалған өнім ретінде сертификаттар импорттық тауарларға – латекс қолғаптарына, LG теледидарларына, жасанды көгалдарға және басқаларға берілген", – деді Нұртай Сабильянов.
Депутат өндіріс орнына қойылатын қарапайым талаптар мен өнім сапасының стандарттарын сақтамау жағдайлары да кездесетінін баса айтты. Мысалы, Алматыда сүт өнімдері санитариялық талаптарға сай келмейтін тұрғын үйде өндіріліп келген, олар балабақшаларға берілген.
"2023 жылы Бас прокуратура 206 бұзушылықты анықтады. Бұдан басқа, уәкілетті орган жүргізген 42 тексерудің қорытындысы бойынша 40-тан астам әкімшілік іс қозғалды. Бұл проблемалар экономикамызға кері әсерін тигізуде. Бұл жағдай да адал кәсіпкерлер тең шарттарда бәсекелесу мүмкіндігінен айырылады. Мемлекеттік бюджет жалған өндірістерді қолдай отырып, шығынға ұшырайды. Бюджетіміз өзгелердің экономикасына жұмыс істейді. Ең бастысы бүкіл мемлекеттік қолдау жүйесіне деген сенім азаяды. Бүгін қаралып отырған заң жобасында Қазақстандық тауар өндірушілердің толыққанды тізілімін құру ұсынылады. Бұл мемлекеттік органдар үшін қолжетімді, орталықтандырылған ақпараттық жүйе болады. Жүйе сертификаттау процесінің ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді, сонымен қатар ол ыңғайлы және тегін болмақ", – деді мәжілісмен.