ШҚО-да 9 колледж біріктіріледі

1361

Сондай-ақ, кәсіпорындардағы оқу орталықтары базасы арқылы ұзақ мерзімді оқыту қысқа мерзімге ауыстырылмақ.

ШҚО-да 9 колледж біріктіріледі

ШҚО-да техникалық және кәсіптік білім беріп жатқан 71 колледждің 9-ы ғана өздерінің жобалық мүмкіндігін толық пайдаланып жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды altaynews.kz.

43 колледж студенттерге білім беруге материалдық базасының 17-30 пайызын ғана пайдаланып, жұмсап отыр. 2018 жылы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жүргізілген тексерулер аймақтағы кейбір колледжді бітіріп шыққандардың тең жартысынан астамы жұмыс таба алмай жүргендігін көрсеткен.

Облыста барлығы 86 колледж бар, олардың 52 -сі мемлекеттік. Осы оқу орындарында оқып жатқан 35 519 студенттің 19 мыңға жуығы мемлекеттік тапсырыспен тегін білім алуда.

Жұмыс берушілердің қажетті мамандарға деген сұранысын тез арада қанағаттандырып, кәсіптік және техникалық білім беру жүйесіндегі күрмеулі мәселелерді шешу үшін облыс кәсіпкерлері палатасының мамандары аймақтағы 9 колледжді біріктіріп, оңтайландыруды ұсынып отыр. Оңтайландыру бір мамандыққа немесе бір-біріне жақын мамандыққа оқытатын оқу орындарын қосып, біріктіру жолымен жүргізілмек. Сондай-ақ, олар кәсіпорындардағы оқу орталықтары базасы арқылы ұзақ мерзімді оқытуды қысқа мерзімге ауыстыруды жөн санайды.

"Бұл жұмыс берушілер үшін де маңызды. Колледждерде оқу үш жылға созылады, ал кәсіпорындардағы оқу орталықтарында ол мамандықтар үш айда оқытылады. Жұмыс берушіге өзіне қажетті маманның тезірек, қысқа мерзімде даярланып берілгені керек екені сөзсіз. Сондықтан біз кейбір жұмысшы мамандықтарын қысқа мерзімде оқытуды ұсынып отырмыз. Бұл уақытты ғана емес мемлекеттен бөлінетін қаржыны да үнемдетеді. Егер колледжде бір мамандыққа үш жыл оқыту орта есеппен 1 млн 650 мың теңге болса, үш айлық оқыту 165 мың теңгеге түседі", – дейді колледждер жұмысын жүйелі жүргізуге орай бастама көтеріп отырған облыс кәсіпкерлері палатасының директоры Игорь Шацкий.

Облыс кәсіпкерлері палатасының ұйытқы болуымен былтыр өңір кәсіпорындарында мамандар даярлайтын, қайта оқытатын 11 оқыту орталығы ашылған. Орталықтарда 417 адам оқып, 351 –і жұмысқа орналасқан. Палата өкілдері оқу орталықтарында күнбағыс майы, мал сою цехы, ұн, жарма, механикаландырылған мал шаруашылығы кешендерінің мамандары сияқты жаңа мамандықтарды оқытуға назар аудартуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу