Шығыс Қазақстан облысында Алакөл көлінің жағалауындағы демалыс аймағын дамытуға 500 млн теңгеге жуық қаражат салу жоспарлануда, деп хабарлайды strategy2050.kz.
Бұл қаражатқа келесі жылы көлге апаратын жолдарды жөндеу, жағалауды абаттандыру жұмыстары жүргізіледі, спорт және ойын алаңдары салынады. Бұдан бөлек, автовокзал аумағы абаттандырылып, көлік тұрағы ашылады, деп мәлім етті ШҚО Ақпарат орталығы.
Өңір басшысы Даниал Ахметов Алакөл көлінің жағалауында туризмді дамытуды өз бақылауына алды. Оның тапсырмасы бойынша құрылған жұмыс тобы санитариялық-эпидемиологиялық нормалар мен өрт қауіпсіздігі талаптарының көптеген бұзушылықтарын анықтады. Бұдан бөлек, 80 нысан бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында бұзушылықтар анықталған.
"Тексеруден кейін Үржар ауданының әкімдігі мен кәсіпкерлер арасында меморандумдарға қол қойылды, оларға сәйкес, анықталған бұзушылықтар келесі маусымның басына дейін жойылуы тиіс. Сондай-ақ кәсіпкерлер барлық нысандардың аумақтарын абаттандыру бойынша жұмыс жүргізеді. Осының барлығы демалушылар үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталады", – делінген хабарламада.
Жағалау проблемаларын кешенді шешу үшін облыс әкімінің тапсырмасы бойынша тиісті инфрақұрылымы бар демалыс аймағын абаттандыру жобасы әзірленген.