Шотландия Брекситтен кейін де Еуропалық одақпен бір нарықта қалғысы келеді

917

Шотландия Брекситтен кейін де Еуропалық одақпен бір нарықта қалғысы келеді

Шотландия Брекситтен кейін де Еуропалық одақпен бір нарықта қалғысы келеді. Сондай-ақ шотландықтар жеке мүддесін қорғап қалу үшін өздеріне айрықша құқық қажет дейді. Бұл жайында елдің бірінші министрі Никола Старджен мәлім етті, деп хабарлайды 24Хабар.

Британия халқының басым бөлігі Еуроодақтан шығуды қолдағаны белгілі. Бірақ Біріккен Корольдіктің құрамына кіретін төрт мемлекеттің бірі Шотландия бұған қарсы дауыс берді. Осы жәйтті басшылыққа алған Шотландияның бірінші министрі Никола Старджен Ұлыбритания одақтан шыққанның өзінде біз еуропалық нарықта қала берейік дегенді айтады. Ол сондай-ақ шотландиялық парламенттің пәрменділігін арттыруды сұрайды. Бұдан бөлек Старджен өз азаматтары үшін Еуроодақ елдерінде еркін-жүріп тұру құқығын қалдырғысы келеді.

"Ең бастысы, біз ұсыныстар талқылауға тұрарлық екендігіне Ұлыбританияның көзін жеткізуіміз керек. Ойымызша, тәжірибелік тұрғыда сөзіміздің жаны бар. Ал бізге құлақ аспайтын болса, Шотландияның Біріккен Корольдіктен шығуы туралы екінші референдумын өткізуге дайынбыз", – деді Шотландияның бірінші министрі Никола Стерджен.

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй болса, Шотландия егемендік алғанның өзінде Еуроодаққа мүше бола алмайды және Еуропа түгілі британиялық нарықпен де бір бола алмайды дейді. Ал британиялық нарыққа олар еуропалық нарыққа қарағанда, төрт есе көп тауар тасымалдайды екен. Қазір Мэйді Брекситке байланысты нақты жоспар құру мәселесі көбірек мазалайтындай.

"Жаңа жылдың басында мен одақтан шығуға қатысты нақты қадамдар мен мүмкіндіктер туралы баяндама жасамақшымын. Меніңше, Брексит шынымен де басқа елдермен тиімді қарым-қатынас құратын қуатты Британияның болашағына оң әсерін тигізбек", - деді Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй.

Шотландияның бірінші министрі болса, берілгісі жоқ. Пікірлері қолдау таппай, Брексит тығырыққа тіреген жағдайда, шотландиялық экономикаға үлкен қауіп төнуі мүмкін дейді ол. Сондай-ақ Старджен қоғамы мен мәдениетіне, аймақтың әлемдегі орнына алаңдаушылық білдіріп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу