2020 жылдан бастап Щучинск-Көкшетау-Петропавл бағытындағы автожол ақылы болуы мүмкін. Бұл жөнінде Көкшетауда өткен қоғамдық тыңдау кезінде "Қазавтожол" компаниясының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kz.
Аталған жол бөлігінде қазір төлемдерді қабылдау жүйесі іске қосылып, сынақтан өткізіліп жатыр. Жолда бес бірдей бақылау қақпасы орнатылған. Бірақ төлем алынып жатқан жоқ.
Көліктердің жүрісі ашық жүйе бойынша бақыланбақ. Яғни жол бойына шлагбаумдар мен терминалдар орнатылмайды. Ал төлем жасаудың бірнеше тәсілі қарастырылады. Ол автокөліктің мемлекеттік нөмірі арқылы немесе арнайы хабарламаның көмегімен жүзеге асыралады.
"Тестік режим біткеннен кейін біз қарасты министрлікке береміз. Ол министрлік әрі қарай тарифті белгілейді. Қазіргі таңда Қазақстанда 4 ақылы жол бар. Нұр-Сұлтан - Щучинск, Нұр Сұлтан-Теміртау, Алматы – Қапшағай, Алматы-Қорғас. Олардың барлығында ашық жүйе жоқ. Олардың барлығындағы төлем қабылдау пунктері ақылы жүзеге асып жатыр. Бұл бірінші Қазақстанда пилоттық режимде енгізіледі",– дейді "Қазавтожол ҰК" АҚ ақылы жолдар дирекциясы филиалының бөлім жетекшісі Берік Хасенов.