Шымкенттен Өзбекстанға "Достық керуені" аттанды

684

Шымкенттен Өзбекстанға "Достық керуені" аттанды

Оңтүстік Қазақстан облысынан Өзбекстан Республикасына "Достық керуені" жолға шықты. Бұл іссапар Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің наурыз айында Қазақстанға жасаған ресми сапары кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикасы Интернационалды мәдени орталығының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында іске асырылып отыр, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Меморандумда қоғамдық-саяси, мәдени-білім беру, ғылыми және ақпараттық салалардағы ынтымақтастық, екі ел халықтарының жақындасуына, халықтық дипломатияның нығаюы мен дамуына ықпал ететін бірлескен жобалар мен іс-шараларды әзірлеу және іске асыру жоспарланған болатын.

"Қазақстан халқы Ассамблеясы" ғимараты алдынан жолға шыққан керуенді шығарып салу рәсімінде облыстық "Қоғамдық келісім" МКК басшысы Ербол Байқонақов, Түркістан қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Бадриддин Нишанкулов сөз сөйлеп, бұл шара елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласына қолдау әрі екі бауырлас ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылып отырғанын айтты.

Өзбекстанға бет алған 50 ақсақал 2-6 мамыр аралығында Ташкенттегі Төле би бабамыздың мазаратына зиярат етіп, әрі қарай Самарқандағы Әмір Темір және Жалаңтөс баһадүрдің, Бұхарадағы Бахауддин Накшбандидің кесенесімен таныспақ.

Сонымен қатар, "Достық керуенінің" мүшелері Өзбекстан Республикасы Интернационалды мәдени орталығында, Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығында және өзге де тарихи-мәдени орталықтарында болып, сол елдің азаматтарымен кездесу жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу