Шымкенттік саудагерлер қауесеттің кесірінен шығынға батты

1126

Өткен аптада әлеуметтік желілерде "Сырдария өзені мен Шардара су қоймасындағы балықтарды екі жылға дейін тұтынуға болмайды" деген ақпарат тараған болатын. 

Шымкенттік саудагерлер қауесеттің кесірінен шығынға батты

Қаладағы балық бизнесінің қызу ортасы саналатын Ақпан батыр көшесі бойындағы көтерме сауда орын иелерінің мазасы қашты. Себебі сатып алушылар соңғы аптада күрт төмендеген. Саудагерлердің айтуынша, балық өніміне деген сұранысың төмендеуіне әлеуметтік желіде тараған ақпарат себеп болған. Салдарынан соңғы аптада саудагерлер балық саудасының үш есе төмендеп кеткенін алға тартты. Салдарынан кейбір кәсіпкер сауда нүктесін уақытша жабуға мәжбүр.

Саудагер Кәміл Қасымбеков балық бизнесінде нәпақа тауып жүргеніне жиырма жылға уақыт жуықтаған. Бұған дейін ол сауда қызған тұста күніне 200 келіге дейін балық сатып келдік, ал бүгінде екі келісін де саудалай алмай қалдық дейді.

"Балық – тағам өнімі, карантинге байланысты сауда тоқтаған емес. Ал қазір сауда күрт төмендеді. Есесіне шығынға батып отырмыз. Осы саудамен отбасымызды бағып отыр едік, көбіміздің тағы кредитіміз бар. Білмеймін, осылай кете берсе, ары қарай қалай боларын?... Балық – тез бұзылатын өнімдердің бірі. Келгенін келгенше саудаламасақ, жарамсыз болып қалады. Тоңазытқышымызда бос орын қалмады. Күніне санаулы ғана балықты саудалап отырмыз, 100 мың теңгеден 1 млн-ға дейін шығынға батып отырмыз. Себебі сақтайтын орын жоқ. Әлдекімдердің таратқан жалған ақпаратының кесірінен саудамыз жүрмей қалды" деген саудагерлер саудалап отырған балықтарының адам денсаулығы үшін ешқандай зияны жоқ екеніне сенімді. Өйткені күн сайын құзырлы мекемедегілер тиісті тексеру жүргізіп отырады.    

"Біз сатып отырған балықтар Атырау, Шардара, Балқаш, Бөгеннен әкелінеді. Бұл жерде ешқандай ауру балық жоқ. Жеуге жарамсыз өнімді сататындай біздің басымыз екеу емес қой. Күн сайын тексеріледі. Сапасында сын жоқ",– деді кәсіпкер Гүлжан Төребекова.

Нәпақасын саудадан тауып отырған шымкенттіктердің бұл сөзін сала мамандары да растап отыр. Сауда орнындағы өнімдерді тексеруді жүзеге асыратын зертхана меңгерушісі Мұрат Меңлібаев уланған балықтарды сатуға рұқсат етілмейді, күн сайын өнімдерге тексеру жүргізіліп, сапасы жіті бақыланатынын алға тартты. Барлық балықтың құжаты талапқа сай. Ал әлеуметтік желіде тараған қауесет тарағалы бері бақылау тіпті күшейіпті.

Еске салсақ, өткен аптада "Сырдария өзені мен Шардара су қоймасындағы балықтарды екі жылға дейін тұтынуға болмайды" деген мәтінмен әлеуметтік желілерде ақпарат тараған болатын. Балық шаруашылығы мамандарының пікірінше, бұл мәлімет Өзбекстандағы "Сардоба" су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Мақтаарал ауданындағы бірқатар елдімекендерді су басуынан тараған болуы мүмкін. Алайда бұл қаңқу әңгіме шындыққа жанаспайды.

"Сардоба" су қоймасы мен Сырдария өзенінің ара қашықтығы алшақ. Яғни, топан судың бір тамшысы да Сырдария мен Шардара су қоймасына келіп құйылмаған. Жеуге жарамсыз балықтар туралы мәліметтің Сырдария өзені мен Шардара су қоймасына ешқандай қатысы жоқ екенін ресми мәлімдеймін. Жалған ақпарат таратқан адамға заң шеңберінде шара қолданатынын ескертеміз" деген болатын Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкен Боранбай.

Ал облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіндегілердің мәліметінше, тасқын сумен бірге Мақтаралдағы елдімекендерге ағып келген балықтар расымен де жеуге жарамсыз екені анықталған. Бүгінде олар толығымен жойылған.

Жансая Тәуекелқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу