Бағдарламада азаматтардың табысын молайтуға бағытталған нақты шаралар қарастырылған.
Мысалы, жұмыспен қамтудың түрлі шараларымен қамтуды ұлғайту жаңа өнеркәсіптік кластерлер құру, шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылық қолдауды қамтамасыз ету, ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнесті дамыту үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ қарсы міндеттемелерді іске асыру есебінен қамтамасыз етіледі.
АӨК саласында жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында кооперация, инвестициялық жобаларды іске асыру және микрокредит беру тетіктерін кеңейту жөніндегі шаралар көзделген. Биыл Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғындарына шағын несие беруге 2,6 млрд теңге бөлінді. Ауылда кооперация дамып келеді, бүгінде 137 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген.
"СҚО-да жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының тұрғындар алдында жауапкершілігі бар. Бұл ретте ауылдық округтер әкімдіктері мен ЖШС арасындағы екіжақты меморандумдар үлкен рөл атқарды", – деді вице-премьер.
Негізгі бағыт – халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету. Жыл соңына дейін өңірде 13 мың жұмыс орны ашылады. "Алғашқы жұмыс орны", "Жастар практикасы", "Ұрпақтар келісімшарты" және басқа да жобалар шеңберінде жұмысқа орналастыру ұйымдастырылды.
Жалпы инвестиция көлемі 76 млрд теңгеден асатын 31 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл 1300-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ еңбек кірістеріндегі теңгерімсіздікті жою және халықтың сатып алу қабілетін арттыру қамтамасыз етіледі. Мәселен, солтүстік өңірде маңызды тауарлар бағасын қолдайтын тұрақтандыру қоры жұмыс істейді.
"Қазіргі уақытта облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 19 атауының 15-і өндіріледі. Адамдар азық-түлікпен толық қамтамасыз етілген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне 15% көлемінде сауда үстемесін сақтау мәселесі күнделікті бақылауда", – деді СҚО әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев.
Ұлттық даму жоспарынан, тұжырымдамалардан және Ұлттық жобалардан бастап, Үкіметтің барлық негізгі бағдарламалық құжаттары халықтың табысын арттыру жөніндегі міндеттерді орындауға бағытталған.
"Барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің алдында ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын құру міндеті тұр", – деді Ералы Тоғжанов.
Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында "Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы" кешенді жоспары іске асырылып жатыр. Ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз табыс алатын халықтың үлесі 6-дан 5,5%-ға дейін төмендеді. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде орташа айлық жалақы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға өсті.
Сондай-ақ кеңесте облыс өкілдері халықтың табысын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.