Су 4 есе қымбат сатылған

501

Бас-аяғы 7 ауыл шаруашылық кооперативі су бағасын еселеп сатқан. 

Су 4 есе қымбат сатылған Фото: inform.kz

Судың сұрауы да, ақшасы да бар. Жамбыл облысында кооператив иелері шаруаларға суармалы суды 4 есе қымбатқа сатып келген. Тіршілік нәрінен табыс тапқандар астыртын әрекетін бақандай 10 жыл бойы еш алаңсыз жүргізіп отырған. Қызығы сол не шаруалар, не "Қазсушар" мекемесі бұл саудадан бейхабар. 

Еңбек құнын қара жерден алған Әулиеаталық 3 мың шаруа талай жыл алданғанын аңғарып, қазір сан соғып отыр. Әр текше метріне 70 тиын делінген суармалы су құнын олар 3,5 есеге артық өтеп келген. Ал өнімнің мол болуы, су бағасына байланысты дейді білетіндер.   

"Төмен болса әрине елге де жақсы бізге де жақсы. Ондай төмендеген жағдайда әр заттың құнына әсер етеді. Халық қолданатын тамағы, жем-шөп құны төмендейді", - дейді шаруа Құрбан Ауытов.

Мәселен министрлік бекіткен көлемге сай 1 гектар егін алқабына 17 мың текше метр су қажет. Төлеммен бұл 11 мың теңге. Делдалдар соманы 40 мың теңгеге көтеріп, аққан судан қып-қызыл ақша жасаған.  Әккілер әрекетін Байзақ аудандық прокуратурасы мониторинг кезінде әшкерелеп отыр. Бас-аяғы 7 ауыл шаруашылық кооперативі су бағасын еселеп сатқан. 

"Бір шаруа қожалық 28 шаруа қожалықтарына бір суарғанына 1 гектарына 8 мың теңге тарифпен су сатып отырған. Ол "Қазсушарға" 1,5-2 млн көлемінде ғана ақша төлеген. Ал өзінің табысын есептесек, 13 миллион көлемінде ол табыс тапқан", - деді Байзақ ауданының прокуроры Жандарбек Сұлтанбекұлы.

Суармалы су саудасы облыс бойынша қызып тұрғанға ұқсайды. Өйткені дәл осындай факті Шу ауданында да тіркелді. Мұнда да 1400 шаруа су  тарифін шарықтаған құнмен өтеген. Ал тіршілік нәріне жауапты "Қазсушар" мамандары заңсыздыққа зейін салмаған сықылды. 

"Ол негізі суды ұрлағанмен тең болып саналады. Қазводхоз тарапынан жаңағы СПК-лар шаруа қожалықтарына судың бағасы жоғары сатылатын болса, жауапты жұмыскерлер жұмыстан босайды", - дейді "Қазсушар" РМК облыстық филиалының бас маманы Бағдат Бейсеқұлов.

Жұмыртқадан жүн қырыққандар анықталып, тәртіптік жауапкершілікке тартылмақ. Тексерістен соң, шаруалар енді "Қазсушармен" тікелей келісімшартқа отырады. Айтпақшы таяуда ғана облыс әкімі Нұржан Нұржігітов шаруалармен жүздесіп, суармалы су мәселесіне үңілген-ді. Әкім 180 мың гектар суармалы алқаптың 115 мың гектарына су беріледі деп сендіріп кеткен. Алайда аймақ басшысы да судың қалай және қандай тарифпен төленіп жүргенінен бейхабар ма дерсің?!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу