Су басқан өңірлердегі мектеп түлектеріне ректорлық гранттар тағайындау ұсынылды

755

Төтенше жағдайда қалған қанша баланың мектеп бітіретіні әлі анықталмаған.  

Су басқан өңірлердегі мектеп түлектеріне ректорлық гранттар тағайындау ұсынылды Фото: Inform.kz

Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы оқу бітіретін түлектердің тағдырына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның дерегінше, бүгінгі таңда төтенше жағдай жарияланған 41 елді мекеннен 117 617 адам қауіпсіз жерлерге көшірілді. Оның ішінде 43887-сі балалар. 

"18651 азамат өз елді мекендеріне оралды. 92 034 адам туған-туысқандарының үйінде, 6932 адам уақытша орналастыру пункттерінде. Оның 3143-і бала. Өкінішке қарай, 8 білім беру объектісі су астында қалды. Су тасқынына байланысты еліміздің 11 облысында мектеп оқушылары 1 сәуірден бастап қашықтан оқуға көшті, оқыту процесі су басу қаупі бар 56 мектепте, сондай-ақ уақытша қабылдау пункттерінде орналасқан 32 оқу орнында ұйымдастырылды. Эвакуациялық пункттерде балаларға қажет барлық жағдай жасалған. Алайда туындаған төтенше жағдай биылғы мамыр-маусым айларында өтетін мемлекеттік білім гранттарын алу конкурсына қатысу үшін оқушылардың ҰБТ-ға дайындалуына кері әсерін тигізді", - деді депутат.

Ғалиасқар Сарыбаев балаларды ҰБТ-ға дайындау саласындағы реттеуді мемлекеттік органдардың бірде-бірі жүзеге асырмайтынын жеткізді. 

"Өйткені бұл функциялар Оқу-ағарту министрлігінде де, Ғылым және жоғары білім министрлігінде де көзделмеген. Бұл ведомстволар үшін талапкерлер оқушылар емес, екіншісі үшін әлі студенттер емес. Осыған байланысты біз зардап шеккен аймақтардағы оқу бітірген түлектердің тағдырына алаңдаймыз. Апатты табиғи жағдайға байланысты бұл балалардың ҰБТ-да төмен нәтиже алып, мемлекеттік білім беру гранттарына қол жеткізе қалмай қалуы сөзсіз. Төтенше жағдайда әдетте оқу процесіне қатысты іс-қағаздардың, жеке басын куәландыратын құжаттардың жоғалуына әкеледі", - деді ол өзінің депутаттық сауалында.

Сенатор уәкілетті министрліктерді түлектердің құжаттарын тезірек қалпына келтіру үшін жәрдемдесуге шақырды. Ол оқудың бітуіне 38 күн қалғанын баса айтты. 

"Ал төтенше жағдайда қалған қанша бала оқуды бітіретіні әлі анықталмаған. Екіншіден, су басқан аймақтарда ҰБТ өткізу пункттері де зардап шеккен болуы мүмкін. Ол да әлі қарастырылмаған. Тестілеудің екінші кезеңінің басында олардың қызметін қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдау қажет болады. Үшінші, екі бейінді министрлік қалыптасқан жағдайды назарға ала отырып, түлектерді ҰБТ-ға даярлауға және олардың жоғары оқу орнына түсуіне жәрдемдесу жағын қарастырса, меншік иелігіне қарамастан әрбір ЖОО-ның басшылары жастарға деген қамқорлық ретінде ректор гранттарын тағайындаса абзал болар еді. Төртіншіден, әлеуметтік көмек көрсетудің үлгілік қағидасында табиғи зілзала немесе өрт салдарынан азаматқа, отбасына не мүлкіне залал келтірген жағдайда, азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздеме белгіленген", - деді Ғалиасқар Сарыбаев.

Бұдан бөлек депутат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсету бағдарламасы шеңберінде алдын ала қаражат қарастырып, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан талапкерлерге қолдау көрсетуі тиіс деген пікірде. Сонымен қатар талапкердің ЖОО-ға түсуі кезінде қажетті медициналық тексеру тегін берілгені дұрыс екенін жеткізді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу