Су тасқыны: Еліміздегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты

336

Қарғын су астында 6 мыңнан астам эпидемиологиялық маңызы бар нысан қалды.

Су тасқыны: Еліміздегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты Фото: ks-region69.com

Су тасқыны салдарынан өңірлерде жұқпалы аурулардың таралу қаупі бар. Бұл туралы сенатор Бибігүл Жексенбай айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазіргі уақытта су тасқыны салдарынан өңірлерде жұқпалы аурулардың таралу қаупі бар. Экологтар мен дәрігерлер тасқын су сібір жарасы көмілген жерлерді де ашу қаупін жасырмайды. Қарғын су кезінде кеміргіштер түрлі гепатит, тырысқақ, сүзек, тағы басқа қауіпті аурулардың қоздырғыштары болатыны белгілі. Көрші Ресейдегі жағдай да осындай болып тұр. Осы орайда келісімге қатысушылардың арасындағы жұқпалы аурулардың өршуінің алдын алу бойынша әрекет алгоритмі қандай?", - деді сенатор.

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің сөзінше, қазіргі кезде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 

"Бірақ осы су тасқыны басталғаннан кейін біз Ресей бас мемлекеттік санитарлық дәрігерімен байланыстамыз. Әрбір екі-үш күн сайын эпидемиологиялық жағдай туралы, судың қауіпсіздігі, судың зерттеу нәтижелері бойынша және қолданылатын профилактикалық эпидемиологиялық шаралар туралы ақпаратпен алмасамыз. Өңірлерде жүргізіліп жатқан шаралар туралы айтып кетейін. Су тасқыны басталғаннан кейін санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысы күшейтілген режимге көшті. Сумен таралатын жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында судың қауіпсіздігі, сумен қамтамасыз етуге бақылау күшеюде. Осы күнде судың 10 мыңнан астам зерттеу жүргізілді. Олардың нәтижесі бойынша сумен таралатын жұқпалы аурулардың қаупі өте төмен", - деп жауап берді Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова.

Сөзінше, мамандар барлық эвакуациялық пунктте тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Олар су, тамақ қауіпсіздігін, эвакуациялық пункттерде санитарлық-эпидемиологиялық режимнің сақталуын бақылауда ұстайды.

"Қазіргі кезде судың астында 6 мыңнан астам эпидемиологиялық маңызы бар объектілер қалды. Олардың санына күн сайын мониторинг жүргізіледі. Су кеткеннен кейін эпидемиологиялық маңызы бар объектілер дезинфекциялық жұмыстар өткізілуде. 4 мыңнан астам нысанда осындай жұмыс жүргізілді. Келісімге қосылу еркін болғандықтан, оның баптарын орындамаған үшін ешқандай жауапкершілік көзделмеген", - деп толықтырды вице-министр.

Айжан Есмағамбетованың айтуынша, сібір жарасы бойынша мал қорымдарының 12-сі су астында қалған. Олар Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу