Су тасқынының алдын алмағаны үшін ешбір шенеунік жауапкершілікке тартылмаған - Абзал Құспан

3730

Биылғы су тасқыны Қазақстан тәуелсіздік алғалы оныншы ірі су тасқынына жатады. 

Су тасқынының алдын алмағаны үшін ешбір шенеунік жауапкершілікке тартылмаған - Абзал Құспан Фото: parlam.kz

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Бас Прокурор Берік Асыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Биылғы су тасқыны Қазақстан тәуелсіздік алғалы оныншы ірі су тасқынына жатады. Алайда осы кезге де дейін су тасқынының алдын алмағаны немесе салғырттық танытып, жол бергені үшін ешбір жоғары лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылмаған. Бұл жерде мен жергілікті атқарушы органның, яғни әкімдердің жауапкершілігі туралы айтып отырмын. Неге жергілікті атқарушы орган? Өйткені өзен бойындағы су жайылмаларынан жер берген, саяжайларды іс жүзінде тұрғын үйге айналдырған, яғни жарық, газ тартып, азаматтарды тұрақты тіркеуге рұқсат берген, ол Үкімет емес, басқа емес, жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдіктер. Ал келтірілген шығындарды өтеу салмағы әркез мемлекет мойнына артылады", - деді халық қалаулысы.

Мәжілісмен биылғы су тасқынында мемлекет пен азаматтар аса ірі көлемде шығынға ұрынғанын еске салды.

"Біріншіден, су 2011 жылдан кем келмейтіні туралы сала мамандары дәл Құлсарыдағыдай, өткен 2023 жылдан айта бастады, биылғы жылдың қаңтар айында жергілікті "Надежда", ақпан айында Республикалық "Время" газеттерінде материалдар жарияланды, бірақ сол су келіп жеткенге дейін тиісті шаралар қолданбады, әбден тақағанда жергілікті атқарушы орган паникаға салынып, бүкіл республиканы дүрліктіріп, жан-жақтан техника мен еріктілерді алдыртты, су деңгейі 10 метрден асып кетеді деп бөгеттер тұрғызды. Адамдарды шұғыл эвакуациялады, Қазақстанды айтпағанда шетелден гуманитарлық көмектер алдырды. Нәтижесінде келген судың максималды деңгейі 8 метр 64 см құрағанын көріп отырмыз. Бұл салғырттыққа және келген шығындар үшін жауапты шенеуніктер заң алдында жауап беруге тиіс", - деп жалғастырды депутат.

Абзал Құспан 2011 жылы болған су тасқынынан БҚО билігі сабақ алмағанға ұқсайтынын баса айтты.

"2011 жылдан кейін Орал қаласының төңірегінен көрінеу суға кететін жерлерден жаңа тұрғын үйлер, іс жүзінде жаңа мөлтек аудандар пайда болды, соның бірі – толықтай суға кетіп қалған "Нұрлы жер" ауданы. Схема өте қарабайыр, бірақ ол ондаған жылдар бойы еш кедергісіз жұмыс жасауда, әкімдікке жақын пысықтар мен пысықайлар гектарлап тегін жер алып алады да, қара халыққа он сотықтан бөліп сатады, болды. Нәтижесінде, жергілікті әкімдік қызметкерлері сол жерді бөлу мен берудің "қызығын" көреді, қарапайым халық зардабын тартады, ал барлық шығынды мемлекет өз мойнына алады. Отыз жылғы ескі схема қашанғы жалғаса бермек?!", - деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.

Айта кету керек, депутат Нартай Сәрсенғалиев  баспанасы қираған саяжай иелерінің өтемақысы әділетті есептелуі тиіс екенін айтқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу