Субсидиялаудың жаңа ережесі шаруашылыққа кері әсер етуі мүмкін

440

Қостанай облысында соңғы екі жылда балық шаруашылығы қарқын ала бастады. Бұл кәсіпті нәсіп еткендер саны 13 есеге артқан.

Субсидиялаудың жаңа ережесі шаруашылыққа кері әсер етуі мүмкін Фото: Eldala.kz

Сала мамандары енді осы еңбек еш кете ме деп алаңдайды. Субсидиялаудың жаңа ережесінде аймақта өсірілетін балыққа қолдау көрсету қаралмаған. Әрі, мемлекеттік қолдауға ірі кәсіпорындар ғана ілігіпті.

Валентин Ищенко құны 180 млн теңге тұратын, уылдырықтан тауарлы балық өсіретін ферма салуда. Жылдық өнім қуаттылығын 20 тоннаға жеткізбекші. Бұл жоба Қостанай ауданының индустрияландыру картасына енген. Мемлекеттік субсидия берілуі тиіс шаруашылықтардың да тізімінде болған. Алайда, құрылысты бастап, іске кіріскенде мемлекеттік көмектен қағылды.

"Жабдықтар мен құрылысқа кеткен шығынның 25 проценті субсидиялануы тиіс еді. Енді жаңа ережеге сәйкес 40 тоннадан астам өнімнен бастап өтеледі. Яғни біз демеуқаржыдан қағылып отырмыз. Ал әуел бастан есептегенімізде осы субсидияға үміт артқанбыз", дейді Кәсіпкер Валентин Ищенко.

Ауылшаруашылығын субсидиялау қағидасына енген өзгерістер жергілікті билік өкілдерінің де көңілінен шықпады. Балық шаруашылығын дамытуға кедергі бола ма деп алаңдаулы. 

"Орталық аппарат бұл мәселеден хабардар. Менің ойымша ережеге өзгертулер енгізілуі тиіс. Себебі онда бекіре, жайын сияқты балық тұқымы айтылған. Міндетті түрде бұның бәрі жан-жақты пысықталады", дейді Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Серік Бейсембаев.

Ал, аймақта көбіне ақсақа, тұқы, пайдабалық өсіріледі.

Осыдан, екі жыл бұрын облыста небәрі 4 балық шаруашылығы болса, қазір 53 ке жетті. Кәсіп қарқын алған, өнім жоспардан артық өндірілуде. 

"Бүгінгі таңда бағдарлама бойынша Қостанай облысында 49 балық өсіретін шаруашылық ұйымдастырылуға тиісті. Сонымен қатар біздің облысқа 2022 жылы біз тауарлы балықтың санын 92 тонна өсіруіміз қажет еді. Біз 167 тонна балық өсірдік", Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы Маржангүл Дандыбаева.

Шаруашылықтар алдағы жеті жылда 10 мың тонна өнім алады деген болжам бар. Сонымен қатар шикізатты терең өңдейтін бірқатар инвестициялық жоба дайындалуда. Аймақта осы саланың қарқын алуына 2021 жылғы балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы ықпал етті. 25, 30, 50 пайыздық мемлекеттік субсидиялар бөлініп көптің қызығушылығын туғызды. Алайда, көмек-қолдау туралы ережелердің жиі өзгеруі, тұрақсыздыққа әкеп, көп инвестордың жоспарын бұзуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу