Сұйытылған мұнай газының бағасы біртіндеп өседі – министр

375

Республика бойынша сұйытылған газ бағасы 50 теңгеден 80 теңгеге дейін барады. Алайда, билік өнімнің өзіндік құны бұдан әлдеқайда жоғары деп отыр.

Сұйытылған мұнай газының бағасы біртіндеп өседі – министр Фото: zakon.kz

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Ақорда кулуарында сұйытылған газ тапшылығына қатысты сұрақтарға жауап берді, деп жазады inbusiness.kz.

Осыған дейін, министр қазақстандықтарға көлікке сұйытылған газ орнатпауға кеңес берген болатын.

"Атырау мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны өздеріңізге белгілі. Бұл жағдайға қатысты пікірі білдірген болатынмын. Осыған байланысты кейбір өңірлерге көгілдір отын газ өңдеу зауыттарынан, оның ішінде Ақтөбе облыстарынан жеткізілді. Өнімге бастапқы төлем жүргізу, Қазақстан аумағы бойынша тасымалдауға байланысты кей өңірлерде сұйытылған газды жеткізуде уақытша іркілістер байқалды", - деп айтты министр.

Алмасадам Сәтқалиев Атырау мұнай өндеу зауыты жақында толық қуатына шығатынын атап өтті. 

"Осылайша, зауыт сұйытылған мұнай газын дәстүрлі жеткізілім тізбектері бойынша жүргізетін болады, мәселе толық шешіледі. Бізде газ көлемі болды, тек оны жеткізуде және операторлар жұмысының тиімділігінде мәселелер болды", - деп түсіндірді ведомство басшысы.

Тілшілер министрден келесі жылдан бастап сұйытылған газ бағасы өсе ме деп сұрады.

"Елімізде моторлы отын ретінде сұйытылған мұнай газын тұтыну көлемінің елеулі өскені байқалатынын бірнеше мәрте айтқан едім. Сондай-ақ, көлік жүргізушілерінен көліктерін қайта жабдықтауды шегере тұруын сұрадым. Бүгінгі таңда сұйытылған мұнай газы ішкі нарыққа өзіндік құнынан төмен бағада жеткізілетіні белгілі. Осыған байланысты, өндірушілерде газдың бұл түрін тасымалдауға деген ынтасы болмайды. Бұдан бөлек, сұйытылған газ мұнай-газ химия саласындағы ірі жобаларымызда шикізат ретінде қолданылатын болады. Мәселен, полипропилен бойынша жобалар жобалық қуатқа шығады", - деді министр.

Бұдан бөлек, полиэтилен, бутадиен бойынша жобалар да бар, деп жалғастырды ол. 

Алмасадам Сәтқалиев сұйытылған мұнай газының бағасы қаншаға өсуі мүмкін деген сұраққа да жауап берді. 

"Бүгінде еліміз бойынша оның бағасы 50 теңгеден 80 теңгеге дейін барады. Десек те, біз бұл өнімнің өзіндік құны жоқ дегенде 110 теңге екенін жақсы түсінеміз. Бірақ бұл бағаны бірден қою жоспарда жоқ. Яғни өсім біртіндеп болады. Бұдан басқа зауытты жаңғырту бойынша сұрақтар бар. "Қазмұнайгаз" бұл бағытта ауқымды инвестициялар құятыны белгілі. Оның ішінде "Қазақ газ өңдеу зауытында" жаңа құрал-жабдық салынып жатыр. Бұл да өнімнің түпкілікті бағасына әсер етеді", - деді министр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу