Қызылордалық жолшылар асфальт төсеу жұмысына ерекше технология қолдануда. Бұл өз кезегінде жолдың сапасын арттырып, мерзімін ұзартпақ. Әрі облыс бойынша мұндай әдіс екінші рет ғана қолданылып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Дәл осы уақытта қала орталығындағы Астана даңғылы бойында жол құрылысы өте қарқынды жүріп жатыр. Бұл жолдың басты ерекшелігі – асфальт үстіне тор төсеніш (геосетка) төселіп, содан соң ғана жол жабындысы салынады. Геосетка технологиясы жол жарамдылығын жақсартады, сапа мерзімін ұзартады. Бұған дейін Сырдария өзенін жағалай салынған Тәуелсіздік даңғылына да осы әдіс қолданылыпты.
Астана даңғылы – шаһардағы тоғыз жолдың торабындай саналған басты көше. Жол құрылысына жауапты мердігер мекеме – "Қыран" ЖШС. Учаске бастығы құрылыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын қадағалайтынын жеткізді.
"Алысты жақын ететін жолдың орны әрқашан бөлек. Қазір күрежолдардың бойында қайнаған тіршілік болып жатыр. Мұнда жұмыстың тең жартысы аяқталды. Жолдың жалпы ұзындығы – 3 шақырым, ені 35 метрді құрайды. Бұл жолдың басты ерекшелігі – төсеніш тор төселіп, тың әдіспен салынуында. Геосетка – Ресей елінің өнімі. Қалған қажетті шикізат – өзіміздің отандық өнімдер. Біздің құрылыс саласында 30 жылға жуық тәжірибеміз бар. Мұндай жолдың салынуы сапаны айқындайды", – деді учаске бастығы Шакирбек Өтегенов.
Қазіргі таңда Н.Назарбаев даңғылы мен теміржолға дейінгі аралықта 20-ға жуық техника мен 50-ден аса жұмысшы еңбек етуде.
Қалай десек те, ең бастысы – сапа. Содан кейін – жұмыстың уақытылы орындалуы. Өйткені, жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Жауапты мамандар жұмыстың 1 қыркүйекке дейін жобалайтынын жеткізді.
"Салынып жатқан барлық жолдың сапасын "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК Қызылорда облыстық филиалы қадағалайды. Егер де тексеру жұмысынан кейін жолдың сапасынан ақау табылса, біз ол жолды қабылдамаймыз", - дейді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай.
Жалпы, облыс орталығында осы жылы 10 млрд 541 млн теңгеге қала мен оған қарасты кент және ауылдық округтерде 264 көшеге орташа және күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Жолдың жалпы ұзындығы 185 шақырымды құрайды. Бүгінде жолдардың кейбірі ел игілігіне берілген.